Білім және ғылым

Ғани Бейсембаев: Біз үшін оқулыққа қатысты әр пікір құнды

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ радиосындағы «Білім айнасы» хабарында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Ғани Бейсембаев осылай деп атап өтті.

«Оқулық» орталығы келер жылдан бастап оқу құралдарына қатысты пікір білдіріп отыратын жанашыр топтарымен мақсатты түрде жұмыс істейді. Мысалы, белсенді ата-аналар, мұғалімдер, ғалымдар, айтары бар басқа сала мамандары, жалпы осы саладан сырт қоғам өкілдерін тегін оқытуды қолға алып отырмыз.

Бізге сынның да сапалы болғаны керек. Өйткені, сынды айту үшін де адам маман болуы керек қой. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді. Шетелде «Даннинг Крюгер» деген феномен барлығы зерттелген. Ол не деген сөз?

Мұны қазақтар бір-ақ ауыз сөзбен: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды. Жамандар жақсымын деп айғайлайды» деп түйіндеген. Сол сияқты саралап отырсақ, нағыз сарапшылар үндемейді екен. Сондықтан да, біз «еліміз оңалсын, оқулық түзелсін» десек, кәсіби сарапшыларды көбірек тыңдауымыз керек. Оларды сөйлетіп қана қоймай, қалың ортасын қалыптастырған жөн» деді ол.

«Орталық қызметкерлері эфирге шыққан кез келген сынды алып, зерттеп зерделеп отырады. Ішінде тұщымды, пайдалысы болса, міндетті түрде басшылыққа алынады. Жарамдысын талап-ережелерімізге қосамыз. Ал кейде ыңғайсыз жағдайлар да болып жатады. Бір жерден шу шыққанда, жаппай барып тексергенде, орынсыз болып шығатыны да бар. Ондай жағдайларды апта сайын, пән-пәнге бөліп, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің «Kun.kz» ашық медиаплатформасында талқылап отырғанымызды да айта кету керек», - деп түйіндеді сөзін РҒПО директоры.

Айта кетейік, Орталық қызметінің мақсаты – білім мазмұнын бағалау және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білім беру сапасын қамтамасыз етуге ықпал жасау. Яғни, аталған мекеме барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендерге және оқу құралдарына ғылыми және педагогикалық сараптама жасау міндеті аясында құрылған.