Көзқарас
Пандемия қатері
Бүкіл әлем бойынша болып жатқан пандемияға қатысты барлығымыздың қашықтықтан сабақ оқу қажеттілігі туындады. Сол себепті жылдың екінші жартысынан бастап ауылға жол тартып, онлайн сабақ оқып бастадық.
Шындығына келгенде, қашықтан оқыту – қазіргі заман талабы. Онлайн білім алудың оңды және кері әсерлері бары анық. Пандемия барша адамзат үшін түбінде терең тәрбиелік маңызы бар сынақ болды десек, қателеспейтін шығармыз.
Күнделікті күйбен тіршілікпен өмірдің, уақыттың, жақындарымыздың қадірін естен шығарып, ұмытып кеткендейміз. Кейбіріміз атақ қуып, кейбіріміз мансап қуып дүниелік нәрселерге жүректерімізді бағындырып жатамыз.
Ал шынайы бақыт, ол – жүрек тыныштығы. Бүкіл әлемде бейбітшілік туының орнауы, ата-анамыз, дос-жарандарымыздың аман-есен болуы. Шүкіршілік азайып, жанымыз жүдеп, барлығымызға бір мезет ішкі жан сарайымызға үнілу қажет болды... Ол ақиқат. Осы басымызға келіп жеткен қиын-қыстау кезең арқылы шынайы құндылықтарды сезіне білдік, өмірге деген, адамдарға деген қарым-қатынасымыз өзгерді.
Отбасымызбен, жақындарымыздың жанына оралдық. Бір сәт кідіріп, шүкіршілік етіп, рухани өсуімізге кішігірім қадам бастық. Жақындарымыздың, достарымыздың қадірің түсініп, шынайы бағасына жете білдік.
Бізге шын көңілмен, ынта-ықыласымен білім нәрін сусындатып жүрген ұстаздарымызды, парталас құрбы-достарымызды, мәртебесі биік қара шаңырағымыз Тұран университетін – ойға алған сәтте жүректі шынайы сағыныш сезімі кернейді.
Еш уайымсыз, құрбы-достарымызбен Тұранның кең аудиторияларында, лекция тындап, сабақ оқыған кездеріміз-ай... Бүкіл әлемде амандық, тыныштық орнап, еш уайымсыз кездеріміздің қайтып оралуына шынайы тілекшімін.
Тұранға жол тартып, біліктілігімізді арттырып, одан бетер ынтамыз бен қайтпас жігерімізді танытып, өз саламыздың алдыңғы қатарлы, бетке ұстар маманы болып, Қазақстанымыздың мәртебесін көтеретін, қоғамға пайдамыз тиетін азаматтар мен азаматшылардан болайық.