Шымкент
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айдың қорытындысы бойынша Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов есеп берді.
Есепті кездесуге қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.
Аудан әкімі өз баяндамасында 9 айдағы атқарылған жұмыстарын, жеткен жетістіктерін айтты.
Ауданның барлық мүмкіндіктерін бағамдаған Мұрат Әйтенов кейбір салалар бойынша бірмаша ескертулер жасап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәселен, шалғай елді мекендері бар Абай ауданы ауыл шарушылығын дамытуға қолайлы өлке. Жалпы мұнда ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі 26 мың гектардан асады. Төрт түлік саны былтырғы жылға қарағанда 44 пайызға өскен. Шаруашылықты дамытуға 197 млн теңге көлемінде субсидия бөлінген. Осыны тілге тиек еткен қала әкімі ет және сүт өнімін өндіру азайғанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдері қаланы әлі күнге дейін толық қамтамасыз ете алмай отырғанын сынады.
- Әрбір тұрғын алаптар мен шағын ауданның жеке потенциалын зерделей отыра, барлық елді мекенді жұмылдырып ауыл шаруашылығын дамытудың нақты жүйесі жасалу керек. Сонымен қатар, мал бордақылау орындарына аса мән берілсін. Санитарлық нормалардың қатаң сақталуы бақылауға алынсын, - деді Мұрат Әйтенов.
Одан өзге, ауданда тұрғын үй салу құрылысының бәсеңдегенін жеткізді. Осы бойынша ауданға инвесторлар тартып, оларға қолайлы жағдай жасау жөнінде аудан әкімдігі мен тұрғын үй басқармасының басшысына тапсырма берді. Апатты жағдайдағы үйлерге мән беріп, көп қабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіру керектігін айтты.
Шаһар басшысы дебиторлық қарыздар жөнінде де ескерту жасады. «Қарыздар жылу маусымы басталмай тұрып өндірілуі керек. Бұл мәселені шешу үшін жақын арада ұсыныс дайындаңыздар» - деді.
Қорытындылай келе, Президент тапсырмасына сәйкес халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды. iKomek арқылы мәселеге жедел ден қойылып, қала тұрғындары атқарылған жұмысты көре алуы маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, ретсіз сауда орындары, жабық базар мен ондағы жануарлар саудасын тез арада ретке келтіруді тапсырды. Мұрат Дүйсенбекұлы - әкімдіктер заңсыздыққа қарсы әрекетсіз қалмауы керек деп сөзін түйіндеді.