Білім және ғылым
Тарих
Күнделікті тұрмыста өтіп жатқан күніміздің маңыздылығына аса мән бере бермейміз. Дегенмен өткен күннің өзі ертеңгі тарих екені сөзсіз.
Осы орайда, отандық тарих ғылымындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас ғалымдарының іске асырып жатқан «Крестьянство Казахстана в послевоенное десятилетие: социальная трансформация и повседневность» атты жобасының маңыздылығы туралы айта кеткен жөн.
Қазақстан халқының соғыстан кейінгі кезеңдегі тұрмыс-тіршілігінің бет-бейнесін қалыптастыру үшін жүзеге асырылып жатқан жоба 2020 жылы бастау алды.
Жобаға институтта қызмет ететін жастар мен күнделікті өмір тарихын зерттеуде көзге түсіп жүрген отандық жас ғалымдар тартылған. Қазірдің өзінде жоба аясында Түркістан облысына іссапар ұйымдастырылып, археографиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізіліп, өңір тарихына байланысты құнды мәліметтер жинақталды.
Дәл осындай зерттеулермен жас ғалымдардың тағы бір легі Өскемен қаласына аттанып кетті. Жобаның негізгі мақсаты соғыстан кейінгі Қазақстан халқының тұрмысының қалай өзгергендігін анықтау.Жобаның қорытындысы бойынша PhD докторы Қозыбаева Махаббат Мәлікқызының жетекшілігімен монографиялық еңбектің жариялану жоспары бар.
Ендеше күнделікті өміріміздің өзі ертеңгі тарих. Көненің көзі саналатын ақсақалдарымыздан қадымнан қалған ақпараттарды түртіп алып, болашақ ұрпаққа жеткізудің өзі маңызды. Өткен күнге үңілу тарихымыздың сан тарау белестеріндегі оқиғаларымызды жаңғырта отырып, бүгінгі күннің ауқымды мәселелерін шешетіні сөзсіз.