Қоғам
Қазақстандықтар патриоттық акцияға үн қосуда
«Мен Туымды мақтан етемін» немесе «Я горжусь своим Флагом» деген жазумен және хештегпен Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде суреттерін жариялап, акция бастады деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.
Акция «Борат-2» фильмінің шығуымен байланысты болу керек. Бұған дейін Аустралияда Бораттың үлкен мүсіні орнатылып, Қазақстанның жалауларымен флешмоб ұйымдастырылған болатын. «Борат егіздерінің шеруі» Сиднейдегі Бондай Бичтің ең танымал жағажайында өтті. Сонымен бірге ысқырығы жер жарған Бораттың алты метрлік мүсіні орнатылған.
Facebook, Instagram желілерімен қатар YouTube желісінде де осы бастамаға қатысты видео тарап жатыр. Қолданушылардың бірі арнайы видео әзірлесе, енді бірі өлең-жыр арнап, үн қосқан.
Қай әлеуметтік желіні ашсақ «Біз туды іліп қойсақ, билік бізге 400-500 мыңдап айыппұл салады! Ал мынандай бассыздықта біздің билік неге үнсіз? "Ол біздің елде болып жатқан жоқ қой" деп неге үнсіз отыра бересіздер?» деп күйінген қазақты байқайсың. Әнші, актер, спортшысына дейін үнсіз қалып жатқан жоқ.
«Қор болған көк байрағым-ай! Өткенде Сырым Тауұлымен сұхбаттасқанда: "Борат-3" фильмін Қазақстанға әкеліп түсіріп: "Мен бұған дейін надан, білімсіз болған екем, мәдениеттің шыңы да, тарихтың тереңі де, табиғаттың тамашасы да осында екен. Жер бетіндегі жәннәт - Қазақстан", дегізуді діттеген едік. ҚАЗАҚ халқынан кешірім сұратып, шара қолдануын Сыртқы істер министрлігінен талап етеміз!» деп Сәкен Майғазиевте өз парақшасында жазба қалдырды.
Instagram-да #Ментуымдымақтанетемін хэштегімен әзірге 18 мыңнан аса жарияланым жиналды.
Ақтамберді жыраудың «Жауға шаптым ту байлап, шепті бұздым айғайлап» деген сөзі бар.
Мынадай бассыздықта біздің билік неге үнсіз?!