Әлем жаңалықтары
Қарабақтағы шиеленістен қашқан халық мектептерді паналап жатыр.
Эльчин езуін жимастан “Хай! Айм спик инглиш” деп Әзірбайжанның Барда қаласындағы мектептің бірінің алдында тұр. Ол бұл мектепте білім алмайды. Ол осы мектепте өмір сүріп жатыр.
Таулы Қарабақтағы қазіргі шиеленіс босқындар мен қоныс аударушылардың жаңа толқынын тудырды. Майдандағы әскерилерден бөлек мыңдаған қарапайым халық атыстан қашуға тырысып жан-жаққа бас сауғалауда.
Әскери қақтығыс басталғаннан бері Бардадағы мектептерге Тертер қаласындағы қақтығыстардан зардап шеккен халықты қоныстандырып жатыр.
Эльчин мектептің әр бұрышын жатқа біледі. Оқу ордасына кіре берісте қолында қаруы бар әскери киімдегі адамның үлкен портреті ілініп тұрады. Портрет айналасында түрлі гүл шоқтары қойылған. Қарабақта қаза тапқан мектеп түлегін дәл осылай еске алады екен.
Қазіргі таңда бірнеше мектеп түлектері де соғысып жатыр, бірақ олардың алдағы тағдыры туралы ешкім білмейді. Ал марқұмның портретінің жанында президент Ильхам Әлиевтің үлкен портреті ілініп тұр.
"Біздің жігіттердің арасында жаңа шахидтер (яғни" шейіттер" деп аталады, Әзірбайжанда халық игілігі үшін қаза тапқандарды солай атайды) болмайды және бәрі аман-есен, жеңіспен оралады деп үміттенемін", - дейді жергілікті мұғалім BBC жаңалықтар порталына берген сұхбатында.
Статистикалық мәліметтер бойынша Қарабақтағы 90 мың адам баспанасыз қалды. Әзірбайжан нақты сандарды жарияламады, бірақ бейресми түрде Баку қаласында қақтығыс кезінде 100 мыңға жуық қарапайым халық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды дейді.
Балалар соғыс суретін салып жатыр
Кабинеттің есігінде "2Б сынып" деген белгі ілініп тұрғанымен, Эльчин мен оның отбасы мектептің екінші қабатында дәл осы кабинетте тұрып жатыр. Қабырғаға бірнеше парта тартылып, қазір олардың орнында ең қажетті ыдыс-аяқтар бар асхана орналасқан және қабырғалар бойымен төсеніштер төселген.
Қазір мектепте сабақ жоқ. Балалар коронавирустық пандемияға байланысты қашықтан оқуға көшті. Мұнда оқушылардың орнына қазір оқ пен атыстан қашқан адамдар тұрады. Олар үшін мектепте бірнеше кір жуғыш машинасы және әр қабатта тоңазытқыш орнатылды.
Кезінде бұл сыныпта ойыншықтар мен альбомдар түрлі-түстермен боялып, көңілге қуаныш сыйлайтын болса, қазірде олардың барлық беттері соғыс суреттерімен боялған. Яғни, танктер, ұшақтар, пулеметтер мен гранатометтердің өте көп түрлері бейнеленген.
Ақбота Нысанбаева