Шолу
Б.Соқпақбаевтың "Өлгендер қайтып келмейді" туындысына шағын талдау
Кітаптың мән-мағынасы орасан зор. Әсіресе, сұрапыл соғыс жылдарындағы бар ауыр жайтты ашық көрсеткен.
Тарыны талғажау еткен, шаңырақтары шайқалып, ортасына түскен сандаған отбасылардың аянышты хәлін оқыған сәтте, көз алдым тұмшаланып кетті. Нұрәлі мен Жүніс сынды бай-бағландардың қара халыққа көрсеткен азабы нағыз азғындық тірлік дер едім. Еркін ФЗО-ға түскен сәтте, барлығына осы екі басшысымақты кінәладым.
Егер осындай бассыздыққа бармаса, басты кейіпкер - Еркін де өткен тағдыры үшін қапаланбайтын еді. Нағыз "қоғамдық сарқыншақтардың" көрінісі. Нұрәлі атты басшының Еркіннің отбасына сонша шүйлігуінің себебін таба алмай-ақ қойдым. Бастапқыда, Еркіннің ағасы мен жеңгесіне сыйластық танытып, төріне шығарып жүрген "жайдары жағымпаздың" осындай қалыпқа түсуі көңілімді түсірді.
Мені толғандырған екінші жайт-ауыл мектептеріндегі бассыздықтар. Білімі төмен, балаларды уысында ұстай білмейтін, оқушыға білім емес, "пайдасыз, ұсақ тірліктерді" үйрететін, ұстамсыз ұстаздардың Еркінді басынуы-саналылардың тірлігі емес, әрине. Еркінді жұрт көзінше масқаралап, шындық деп шырылдағаны үшін қызметтен босата салғанына да ішім алай-дүлей болды. Осы сәтте Еркіннің ерлігіне таң-тамаша болдым. Сынбай, қиындыққа қасқайып тұрып, армандарына қарай жол жүре білді. Бұл екінің-бірінің қолынан келер іс емес.
Ең бастысы-халықтың жанайқайын жарияға жар салып тұрып, жеткізді.
Еркін өз бойындағы турашылдық қасиетін-кемшілігі деп санайтын еді. Бірақ, бұл кемшілік емес. Бұл қасиеті - Еркіннің қоғамға деген ашу-ызасын, батылдығы мен қайсарлығын көрсететін адами қасиет.
Туындыда тағы да әділетсіздік жайы баяндалады. Әділетсіздік...
Қаншама жанның тағдырын шорт кескен, былыққа белшесінен батырған, жігерін құм еткен, құс қанат арманының күлін көкке ұшырған, талап қанатын қырыққан дүние. Еркіннің де ауыр тағдырына әділетсіз қоғам, әділетсіз адамдар, әділетсіз тағдыр кінәлі деп білемін. Расында да, ішкі жан дүниесі мен өмірге деген құлшынысы өлген адамдар-жарық дүниеге қайтып келмейді....