Шымкент
Кәсіптік оқыту
2020 жылы "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында Шымкент қаласының аумағындағы кәсіпорындардан, мекемелерден өтінімдер жиналды. Нәтижесінде еңбек нарығында сұранысқа ие 21 мамандық бойынша 2000 орынға тізім жасалды.
"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Бағдарламаның бірінші бағыты азаматтардың түрлі санаттарын, соның ішінде мектеп түлектерін, жұмыссыздарды, жастарды, өзін өзі жұмыспен қамтушыларды және қысқартылған жұмыскерлерді жаппай оқытуды көздейді. Бұл бағыт екі компененттен тұрады: еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау (оқыту ұзақтылығы 2,5 жылға дейін) және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту (оқыту ұзақтылығы 1 -ден 6 айға дейін).
Өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері қатарындағы 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар, сондай-ақ азаматтардың өзге санаттары ТжКБ бар кадрлар даярлау бойынша Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
Шымкент қаласында кәсіптік оқыту негізінде халықтың еңбекпен қамтылуына мол мүмкіндік туып отыр. Кәсіптік оқыту еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыруды қамтиды. Қазіргі таңда екі мың адам 32 білім беру ұйымдарында кәсіптік білім алып жатыр.
Айта кету керек, кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша республикалық бюджет есебінен білім беру саласындағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.