Шымкент
Кәсіп ашу
Биыл Шымкент қаласының 3549 тұрғыны «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеру бойынша оқытудан өтті. Оның 2820-на оқуды аяқтағаны туралы сертификат берілсе, 729-на қатысқаны туралы сертификат табысталды.
Кәсіпкерлік негіздерін меңгерген түлектер оқу аяқталған соң тест тапсырды. Оларға үш мүмкіндік берілді. Емтиханнан өте алмағандарға тек оқуға қатысқаны жөнінде ғана сертификат берілді. Тестіден жақсы нәтиже көрсеткендерге, оқуды бітіргені жайлы сертификат және грантқа үміткер болу мүмкіндігі берілді.
Грант қайтарымсыз, бірақ мониторингтік топ арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Яғни бұл – әлеуметтік көмек емес, кәсібін бастаушы кісілерге бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан мүмкіндік. Арнайы құрылған комиссияның қорытындысынан кейін жобасы мақұлданған бағдарламаға қатысушылар мемлекет тарапынан берілетін 200 АЕК көлеміндегі грантты алатын болады. Биыл карантиндік шараларды ескере отырып, бұл жобаға тіркелу мен оқу қашықтықтан (онлайн) «Atameken Academy» платформасы арқылы өтті.
«Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысу үшін қатысушылар ең алдымен халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуы тиіс. Ары қарай «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына келмей-ақ, оқуға онлайн тіркеле алады. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатты және халықты жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманы «Атамекен» сайтына жүктейді. Оқу мерзімі – 21 күн. Дәрістерді кәсіби дайындалған бизнес жаттықтырушылар оқиды.