Қоғам

Тоқаев: түрік халқына Қазақстан көмек көрсетуге дайын

30 қазан күні Түркияның батысында 6,6 баллдық жер сілкінісі болды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысы Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.

«Сізге және осы табиғи апатта жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын. Жарақат алған адамдардың тез арада отбасыларына қайта оралуларына дұға етеміз. Бауырлас түрік халқына шынайы тілекші ел ретінде, қажеттілік туындаған жағдайда, қазақ халқы мен Үкіметі тиісті көмек көрсетуге дайын», – делінген жеделхатта.

Естеріңізге сала кетейік, 30 қазан күні Түркияның батысында 6,6 баллдық жер сілкінісі болды, деп хабарлаған еді Anadolu басылымы.

Түркия үкіметінің апаттарды басқару жөніндегі басқармасы (AFAD) жер сілкінісінің эпицентрі Измир провинциясының Сеферхисар ауданының жағалауындағы Эгей теңізінде болғанын айтты.

Жер сілкінісінің ошағы 16,5 шақырым тереңдікте орналасқан. Жерасты дүмпулері шамамен 15 секундқа созылып, Түркияның батысындағы көптеген провинцияларда сезілді.

Түркияның батысындағы Измир провинциясында жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 804-ке жетті, 25 адам қаза тапты, деп хабарлады елдің Төтенше жағдайлар және апаттарды басқару агенттігі (AFAD).