Қоғам
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин жеңімпаздарды құттықтады.
«Парламент сөзі» сыйлығының иегері белгілі журналист Бейсен Құранбек. Марапат марқұмның жары Гүлмира Қадырқызына табысталды деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.
Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған парламенттік сыйлық жазда БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде карантинге байланысты берілмей қалған.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин «Парламент сөзі» сыйлығын жеңімпаздарға табыстап, бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздің дамуындағы, сондай-ақ депутаттық корпус пен журналистердің бірлескен нәтижелі жұмысын атап өтті. Сондай-ақ, Бейсен Құранбекке тағайындалған «Парламент сөзі» арнайы сыйлығын оның жары Гүлмира Қадырқызына табыс етті.
«Бейсекең сырқаттанып жатқанда оның адал достары, әріптестері, өмір жолындағы ұстаздары, өзі баулыған шәкірттері жан жағынан қаумалап көмектесіп жүрді. Ол кісі өмірден өткен соң да сол демеуді, қолдауды әлі сезіп келеміз. Елбасымыз бен Президентіміз бастаған еліміздің игі жақсылары көңілдерін білдіріп жатыр, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жігер» сыйлығын тағайындады, Алматы облысының әкімдігі «Жетісу» телеарнасының төрінен музей ашу идеясына қолдау көрсетті. Бүгінгі өздеріңіз табыстап отырған «Парламент сөзі» марапаттарыңыз да ұлтының сүйікті ұлына көрсеткен ыстық ықыласы деп білеміз және сол пейілдеріңіз үшін отбасымыздың, әулетіміздің атынан және «Жетісу» телеарнасы мен «Qareket» ұжымының атынан алғысымызды білдіремін» – деді марқұмның жары Гүлмира Зеербай.