Қазақстан жаңалықтары
Жиі пайдаланатын жұмыртқа мен тауық еті тек түсімізге кіретін болды-ау.
Себебі бағалары қымбаттауы мүмкін. Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов осылай деп дабыл қақты.
Бұл туралы Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы КТК жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
Руслан Шәріповтың айтуынша, еліміздің сегіз облысына таралған вирус құс шаруашылығына кері әсерін тигізбек. Мәселен, кесел кеулеген Алматы облысындағы құс фабрикасы карантинге жабылғандықтан үш айдан кейін ғана жұмысына кірісе алады. Ал бұл кәсіпорын жылына 150 миллионнан астам тауық жұмыртқасын өндіреді екен. Демек, алдағы уақытта елімізде жұмыртқа тапшылығы сезіліп, алыпсатарлар бағаны аспандатып жіберуі мүмкін дейді құс өсірушілер одағының президенті. Құс тұмауы өршіген өзге өңірлерге де құс өнімі жетіспей, нарықты көрші елдердің тауарлары жаулауы ықтимал. Сондықтан аталаған одақ басшысы жауапты министрлік бағаның өсуіне жол бермей, құс шаруашылығын дамытуға күш салу керек деп отыр.
«Ертең біз бағаны көтерсек, Беларусь, Ресей бәрі Қазақстанға келеді. Нарықты толтырып тастайды да, біздің құс фабрикалары қоймаға жұмыс істейді. Ақша түспесе жұмысты жүргізуге зиян келтіреді”, - деді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті.