Әлем жаңалықтары
Төртінші тур ойындары 24 және 25 қараша күндері өткізіледі.
UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі үшінші турдың екінші ойын күні өткізілді, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Бүгінгі ойындар Е, F, G, H топтарында өткізілді. Жанкүйерлер негізінен «Челси», «Барселона», «Манчестер Юнайтед» секілді клубтардың кезекті ойындарына көз тікті.
Англияның «Челсиі» Е тобында көш басында келеді. Лондондық клуб бұл жолы Францияның «Ренн» командасынан 3:0 есебімен басым түсті. Аталған топта Ресейдің «Краснодары» Испанияда «Севильядан» 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
F тобында Ресейдің «Зениті» өз алаңында Италияның «Лацио» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Германияның «Боруссия» (Дортмунд) командасы сырт алаңда Бельгияның «Брюггесін» 3:0 есебімен сүріндірді.
G тобында бірінші орында келе жатқан Испанияның «Барселона» клубы бұл жолы өз алаңында Украинаның «Динамо» (Киев) командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Осы топта Италияның «Ювентусы» Венгрияда жергілікті «Ференцварошты» 4:1 есебімен жеңді.
H тобында бақ сынап жатқан Англияның «Манчестер Юнайтед» ойламаған жерден Түркияның «Истанбул Башакшехир» клубынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл топтағы тағы бір кездесуде Германияның «Лейпциг» клубы Францияның «Пари Сен-Жерменін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Енді төртінші тур ойындары 24 және 25 қараша күндері өткізіледі.