Қоғам
Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, ҚР-да 6 саяси партия тіркеліп, жұмыс істеуде.
ҚР Парламенті Мәжілісінің мандаттары үшін сайлауға 6 саяси партия түседі. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңының 12-бабы 2-1-тармақшасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын және мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы мәселені қарайды. ҚР «Сайлау туралы« конституциялық заңының 87-бабы 1-тармағына және 103-бабының 1-тармағына сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына және мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі», - деді ол Орталық сайлау комиссиясы отырысында.
Оның айтуынша, Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, ҚР-да 6 саяси партия тіркеліп, жұмыс істеуде. Бүгінгі күні барлық саяси партиялар заңнама аясында жұмыс істейді.
«Оларды қайта құруға немесе таратуға уәкілетті органдар тарапынан құқықтық негіздер жоқ. демек, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауына осы тіркелген саяси партияның барлығы жіберіледі. Оларды сайлауға жіберуден бас тартуға құқықтық негіздер жоқ», - деді Асылбек Смағұлов.
Сонымен ОСК Мәжіліс сайлауына «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы «қоғамдық бірлестігін, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігін, «Бірлік» саяси партиясы «қоғамдық бірлестігін, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігін, «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігін, «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігін партиялық тізімдер бойынша сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдады.