Bugin

Жетістікке жетудің 7 жолы

Ұлы тұлғалардың жетістікке жетудегі төте жолын көрсеттік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көптеген жетістікке жеткен тұлғалардың бір күні бір күнінен ерекшеленетініне көз жеткіздік. Ал күнделікті жақсы әдеттер олардың өнімділік деңгейінің өсуіне әсер еткен.

Төменде жетістікке жетудің жеті жолымен бөлістік. Оқи отырыңыз.

1.Таңертең ерте тұру

«Энергияның көп бөлігі таң алдындағы уақытқа тиесілі. Мен кеш оянғанда, әлем менсіз өмірін бастап кеткенін сеземін.»

-Терри Гиллеметс

Барлық ұлы тұлғалардың ерте оянатындағы таңғаларлықтай дүние емес.Себебі, олар сол уақытты тек өздеріне арнайды. Танымал кәсіпкерлер- Ричард Брэнсон, Тим Кук, Говард Шульц күндерін күннің алғашқы сәулесінен ерте бастаған.

Қалай ерте тұрамыз?

Алдымен түнде өзіңізді ерте тұруға психологиялық деңгейде дайындаңыз. Алғашында бұл әдет сізге жайсыздық пен қиындық тудыруы мүмкін. Сол үшін бастапқыда әдеттегі оянатын уақытыңыздан 15 минутқа ерте тұрып, соны кері шегіндіре беріңіз. Әсері мол.

 

2. Күніне кемінде 30 минут кітап оқу

Өзімізге құйған инвестиция- ең қайтарымы мол инвестиция. Бұрынғы «сізді» болашақтағы «сізге» айналдыратын- санаңыз бен ойлау деңгейіңіз. Өміріңізде оң өзгерістер пайда болу үшін, алдымен ойлау жүйеңізді өзгерту қажет. Оның ең оңай және тиімді жолы- кітап оқу. Ас әзірлеп үйренгіңіз келсе, мәзірлер, пісіру техникасы туралы оқыңыз. Нарық, инвестицияға қызығып, қаржылай тәуелсіз болғыңыз келсе, экономика жайлы кітаптар оқыңыз.

Ол үшін күніне кемінде 30 минут кітап оқуды әдетке айналдырыңыз. Ең бастысы - сізге пайдасын беретін, жеке дамуыңызға әсер ететін кітаптарды оқыңыз.

3. «Бестік ережесі»

Жетістікке жету үшін армандау мен оны ойлап ғана қою жетпейді, ол үшін нақты әрекет етуге көшу қажет.  Бұл методика сізге әр күн сайын маңызды істер жасауға көмектесіп, белгілі бір нәтиже шығаруға септігін тигізеді.

Ол қандай методика?

Күнде міндетті түрде орындауыңыз қажет 5 нәрсені жазыңыз және орындаңыз. Ал егер бос уақыт  қалып жатса, жоспар санын арттырсаңыз да болады. Өзіңізді жазған 5 істі міндетті түрде орындауға мәжбүрлеңіз.

 4. Өзгелерді мақтап, комплимент айтып жүріңіз.

Қашан соңғы рет біреуге жылы сөз айттыңыз? Сіз өзгелерге қошемет сөздер айтқанда, ол адам ғана емес, бүкіл орта позитивті энергияға толады. Бірақ мұны мәжбүрлі түрде емес, шынайы жасау қажет. Жалған айтылған мақтау сөз, кері әсерін беруі әбден мүмкін. Нағыз көшбасшы өзгенің еңбегін бағалап, жылы лебізін білдіріп жүреді. Себебі олар сәтті бизнесті мықты команда арқылы құруға болатынын біледі.

Оны қалай жүзеге асырамыз?

Алдымен айналаңыздан әрдайым жақсыны көруге тырысыңыз. Әсемдікті байқасаңыз, іште сақтамаңыз. Бірінші жақындарыңызға айтып, нәтижесін байқасаңыз болады.

5. Уәдеңізде тұрыңыз.

«20 жыл бойы жинаған атақ пен абыройды 5 минутта бұзуға болады. Ал егер сіз мұны білсеңіз, басқаша әрекет етесіз»

-Уоррен Баффет

Жасаймын дедіңіз бе? Жасаңыз. Уәде бердіңіз бе? Орындаңыз. Өмірде де, кәсіпте де, өз сөзінде тұра алмайтын адамдарға деген сенім жоғалады. Алдыңызға қойған мақсаттарыңызды орындамау- өзіңізге берген уәдеде тұрмау болып есептеледі. Сол себептен өзіңізді және өзгелерді алдамауға тырысыңыз. Мұның бәрі болашағыңызға әсер ететінін ұмытпаңыз.

6.Бөлісіңіз.

«Береген қол алаған қолдан қайырлы»

-Халық даналығы

Танымал адамдар барымен бөлісіп, әрдайым қайырымдылықпен айналысады. Көбісі бай болғандықтан бөліседі деп ойлауы мүмкін, алайда 100 теңгемен бөліскен оңайырақ па, әлде 1 000 000 теңгемен бе? Айырмашылықты сезіп тұрсыз ба? Сізге кішкене соммамен бөлісу қиын болса, үлкен соммамен бөлісу тіптен қиын. Беделді тұлғалар бұл әдетті ерте кезден бойына сіңірген. Сіз де қоғамға пайда тигізуді бүгіннен бастаңыз. Нәтижесін көргенде таңғаларыңызға кепілдік береміз.

7. Шүкіршілік ету

Сізге біреу бір жақсылық жасаса, рақмет айтатыныңыз сияқты, тәңірдің де беріп жатқан барлық мүмкіндіктеріне шүкір ету - ең маңызды әдеттердің бірі. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін өмірде бәрі жақсылыққа итермелейді. Бүгініңе шүкір ету- болашағыңа деген жақсы көзқарас қалыптастыру. Әр жақсыға алғыс білдіру- адами қасиеттің ең биігі. 

Ақбота Нысанбаева