Қоғам
Қырғызстаннан 30 пайызға дейін, Өзбекстаннан 25 пайызға дейін, ал Ресейден 15 пайызға дейін тәуелділікті арылтады.
Қазақстанның 9 өңірінде 39 жаңа су қоймасы салынады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты деп хабарлайды, Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада 41 авариялық су қоймасын қалпына келтіру көзделген. Оның ішінде 2017-2019 жылдар кезеңінде 10 нысан пайдалануға берілді. Ал екеуі осы жылы аяқталатын болады. 2021 жылы тағы 8 нысанды аяқтау жоспарлануда және қалған жиырма 21 нысан 2025 жылға дейін іске асырылады. Бұдан басқа, 9 өңірде жалпы көлемі жылына 3,6 млрд текше метр болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оларды іске асыру үшін 115 млрд теңге қажет», - деді ол Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның дерегінше, су қоймаларын салу 70 елді мекен үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, 394 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға жағдай жасайды. Сонымен қатар трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділікті алып тастауға мүмкіндік береді.
«Атап айтсақ, Қырғызстаннан 30 пайызға дейін, Өзбекстаннан 25 пайызға дейін, ал Ресейден 15 пайызға дейін тәуелділікті арылтады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.