Жамбыл облысы

Мен өскен өлке

Таразым – асыл қазынам

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мен туып өскен өлке – Тараз қаласы. Қазақстан қалаларының ішіндегі ең көне  қаласының бірі. Тараз туралы тіпті Х ғасырдың географы Максиди, “ бау-бақшалы, қалың елді және қонысталған қала” – деп жазған.

Бұрында Тараз қаласын Ша Махмудтың назары төңірегінде салынғандықтан Әулиеата деп атаған. Қазіргі кезде Тараз – мәдени-экономикалық жағынан өркендеген, халық “ жер жәннаты” деп атайтын шағын, ырысты, көрікті қала. Бұл жер өзінің жасыл желекке бөленген табиғат аясымен, ертегіге бергісіз аңыздар алқабымен, айдан анық ақиқат даласымен, мыңжылдықты мұралары, ескерткіштері және жаңа ғимараттарымен мақтана алады.

Мен Таразға келген қонақтарға міндетті түрде ең бірінші қаланың 2000 жылдық тарихы жиналған тарихи – өлкетану мұражайына соғуға кеңес беретін едім. Содан соң Қарахан кешені, Айша-Бибі мазары, Бабаджа қатун кесенесі, Тектұрмас кешендерінің көркемдігін, көптеген қазыналарын тамашалауына да кеңес беремін. Осылай бұл көркем қаланың тарихымен де танысып алуға болады.

“Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас” демекші менің туып өскен өлкем, Таразым, менің асыл қазынам, мен үшін өте киелі жер. Негізі, менің ойымша, әр адамға өзінің кіндік тамған жері ең ыстық, ең киелі, бәрінен жанына жақын. Себебі, бұл жерде сен дүниеге келдің, жарқын өмір сыйлаған ата-анаңды, қызықта да, қиыншылықта да жаныңда болған достарыңды, әрқашан қасыңнан табылған бауырларыңды ең алғаш, сен осы жерден кездестірдің. Қазақ халқы өз туып өскен жерін бұрыннан құрметтеп, қастерлеген. Мен де өз өлкемді қастерлеймін, осы жерде туғаныма еш өкінбеймін, сүйікті қаламды мақтан тұтамын. Неге десеңіз, көздің жауын алар гүлдерді, көкпен теңескен асқар тауларды, шипасын беретін таза ауаны, жаны жайсаң халықты және тағы да табиғаттың бар әсем қасиеттерін осы жерден кездестіргем.

Мен болашақта өз өлкеме кішкене болсын пайдамды тигізгім келеді. Қазіргі кезде көп қала мұқтаж, ең керек көмек ол – қоршаған ортаны аялау, тазалығын сақтау, шаң-тозаң, күл-қоқыстан тазарту. Осындай кішкене ғана пайда тигізу арқылы, мен өз жеріме деген махаббатымды, жаным ашитындығын, немқұрайлы қарамайтындығымды көрсете аламын деп ойлаймын. Туған өлкемнің әрі қарай гүлденіп, көркеюіне өз үлесімді қосуға тырысамын.

Қазіргі таңда мен 11–сыныпты жақсы бітіріп, өзім таңдаған, армандаған мамандығыма түсуді, яғни журналист маманы болуды армандаймын. Бұл – м енің болашаққа жоспарлаған мақсатым, асқақ арманым. Және осы мақсатыма деген алғашқы қадамдарымды мен осы қалада, туған өлкемде жасап жатырмын. Менің туып өскен жерім, мені армандарыма жетелейтініне кіршіксіз сенемін.

Қорытындылай келе айтарым: мен өз Отанымды, туған өлкемді, асыл қазына – Таразымды шексіз сүйемін!

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін