Алматы
Сандық форматқа көшіру мәселелері
Аталған шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері, мүдделі мемлекеттік органдар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жобалық кеңселерінің өкілдері мен басшылары, жұртшылық қатысты.
Кездесуді ашқан республикалық жобалық кеңсе басшысы Т.Байғұлов "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз ету, қоғамдық бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою туралы сөз қозғады.
Диалог алаңына қатысушылардың бірі, агенттіктің департамент директоры Ғ.Асанұлы өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қоғам белсенділерінің рөлі жоғары екенін атап өтті.
Мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Өңір-өңірде, аймақ және аудан әкімдіктерінен сервистік (ашық) әкімдік пен қызмет көрсету бұрыштары ашылды.
Агенттік пен аумақтық департаменттер де сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашты, онда қоғам қайраткерлері үшін кабинеттер ұйымдастырылды. Мұның бәрі мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асқан мемлекет" тұжырымдамасы аясында жасалған жұмыстар.
Айта кету керек, жобалық кеңсе өңірлерде үлкен жұмыс атқаруда. Оның нәтижелерін Атырау, Ақтөбе, Шымкент және Маңғыстау аумақтық бөлімшелерінің өкілдері кездесуде таныстырды және қандай да бір мәселелерді шешу үшін өз ойларымен бөлісті. Атырау қаласынан келген қоғам белсенділері қоғамдық бақылауды күшейтуді және медицинадағы ашықтықты қамтамасыз етуді – өңірдегі ауруханаларда қанша төсек-орын бар екенін білуді ұсынды.
Ақтөбеден келген өкілдер ТҮКШ саласындағы – қаланы абаттандыру, қар тазалау, коммуналдық қызмет деректерін цифрлауды ұсынды.
Маңғыстаудан келген мамандар тегін дәрі-дәрмек беру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге бастамашы болса, Шымкенттен келген өкілдер білім беру саласындағы процестерді автоматтандыруды ұсынды. Қызығушылық таныту үшін сарапшылар оқушылардың халықаралық конкурстарға, олимпиадаларға қатысуы туралы мәліметтерді жариялауды ұсынды.
Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлері жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы және тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес тұрғысынан жүргізілген сауалнама нәтижелерімен таныстырды.
Халықпен кездесу барысында қоғам белсенділері халықтың салық салу және кеден саласында проблемалары бар екенін анықтады. Атап айтқанда, автокөлігі жоқ азаматтардың кейбіріне есепшотына кейде көлік салығы мен оның өсімақысын келіп тұратын көрінеді.
Ұлттық экономика министрлігі мен Әділет министрлігінің өкілдері өздерінің алдын алу жұмыстары туралы айтып берді. Осылайша, Ұлттық экономика министрлігінде осы жылдың басынан бастап әрбір Департаментте және комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссарлар енгізіліп, өз қызметінің ашықтығын арттырды.
"Ашық диалог" түріндегі кездесу форматын ескере отырып, әрбір қатысушы айтылған мәселелер бойынша өз пікірін білдірді. "Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Т.Байғұловтың айтуынша, өңірлердің барлық ұсыныстары мен тұсаукесерлері ескеріліп, одан әрі іске асыру үшін енгізілетін болады.