МӘДЕНИЕТ

12 қарашаның кинопремьералары

Араға жарты жыл салып елімізде кинопрокат қайта жандана бастады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осы аптада Кристофер Ноланның жаңа картинасы шығады. Басқа да қызықты премьералар үлкен экранға жол тартты.

Тағат / Довод / Tenet [16+]

Жылдың басты премьераларының бірі де бізге келді. Жаңа коронавирус індетінің таралуына байланысты кинотеатрлар жабылып, әлемдік премьералар біздің елге біраз кешігіп жетті. Солардың бірі - Кристофер Ноланның "Tenet" фантастикалық боевигі.

Фильмде әлдебір технологияның арқасында уақытты кері жүргізу туралы сөз болады. Киевте болған терактіден кейін Орталық барлау басқармасының агенті британ барлауымен бірлесіп қару саудасымен айналысатын орыс олигархына қарсы тұрады. Агенттер ол үшін оқиғаларды кері жүргізетін уақыт инверсиясын пайдаланады.

Басты рөлдерде Джон Дэвид Вашингтон мен Роберт Паттинсон ойнайды. 

Сонаның торы / Афера в Майами / Wasp Network [18+]

Француз режиссері Оливье Ассайастың халықаралық деңгейдегі триллері. Актерлер де түрлі елдердің жұлдыздары: Пенелопа Крус, Эдгар Рамирес, Гаэль Гарсиа Берналь, Ана де Армас, т.б. 

Сюжетте Майамиге терактінің алдын алу үшін Кубадан аттанған шпиондар туралы айтылады. Жансыздар берілген тапсырманы сәтті орындап қана қоймай, кокаин саудасына ұрынып, халықаралық дауға себепші болады. 

Авангард / Авангард: Арктические волки / Ji xian feng [16+]

Джеки Чанның қатысуымен түсірілген Қытай боевигі. Басты кейіпкерлер - ерекше тапсырмаларды орындауға машыққан "Авангард" командасының мүшелері. Халықаралық синдикат атақты бизнесменді ұстап алғаннан кейін команда оны құтқару туралы тапсырма алады.

Бигфуттар отбасы / Семейка Бигфутов / Bigfoot Family [6+]

Бельгия мен Франция мультипликаторлары ұсынған анимациялық картина жануарлармен тұратын ерекше отбасы туралы. Әкесі кезінде Бигфутқа айналып кеткен, ал ұлына оның супер қабілеті берілген. Бала жануарлардың тілін түсінеді. Күндердің күнінде олар орналасқан қорыққа көмек қажет болады. Бүкіл Бигфуттар отбасы үлкен саяхатқа аттанады.

Бұлардан бөлек тағы бірнеше премьера прокатқа жол тартады:


- Ресей режиссері Сарик Андреасян түсірген "Гудбай, Америка" комедиясы;
- Америкалық "Клаустрофобы: Квест в Москве" хорроры;
- "Феи: Тайна страны драконов" неміс мультфильмі.