Bugin

Қазақ қыздары бұзылған! Кім кінәлі?

Бүгіннің әңгімесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінгі ер-азаматтардың айқайы, дауы, ауыз толтырып айтар әңгімесі - қыздар. «Қазақтың қыздары бұзылған. Бұрынғының қыздары жоқ! Қыздардан қылық кеткен!» деп жамандауға әуес. Ал бұған кінәлі кім? 

Қыздарды құртып жүрген кім?

Бар кінәні қыздарға жаба салу оңай іс. Ал оның түп тамыры неде жатқанын ойламаймыз. Себебі, бас қатырып ойланғымыз келмейді. Қыз оғаш әрекетке не себепті барды? 
Құрметті азамат, қыздардың бұзылуына, жаман әрекетке қадам басуына сіздің де айтарлықтай үлесіңіз бар! Осыны ойланып көрдіңіз бе? Бәлкім, сіз бір қыздың намысына тиіп, көз жасына қалған шығарсыз. Бассыз әрекетке қыздың өзі ғана баруы мүмкін бе? Жалғыз қыздың әрекетінен дүниеге сәби келе ме? Мәселен, қызда сондай жаман ой туындады делік. Осы кезде, неге қыздың ойын жүзеге асырмай, бұл әрекетінің бұрыстығын айтып, тоқтатуға талпынбадыңыз. Егер, мүмкіндікті дұрыс жағынан пайдаланып, қыздың ұятын оятып, қатынасыңызды үзсеңіз, сізді қолдар едім. Дегенмен, қазіргі сәтте дәл мұндай ойдағы ер-азаматтардың қатары сирек. Керісінше, сезімнің жетегінде кеткен аруды пайдаланып, бала көтерген қызды тастап, болашағына балта шауып, маңызды сәтте тастап кетуге бейім. Ал осыдан кейін қыз да түсік жасатып не жаңа туған нәрестені қоқысқа тастап тасжүрек сүйкімсізге айналады. Осыдан кейін пәк, ары таза қызды іздеуге намыстанбайсыз ба?
Махаббат бетте емес, жүректе деген сөз қазіргінің қыз-жігіттеріне айтылмаған. Себебі, жігіттерге етек-жеңін жауып жүрген қыздардан гөрі төсі мен саны ашық қыз әлдеқайда әдемі. Неге блефаропластика, отопластика, ринопластика, пипосакция сынды дене бітіміне жасалатын операциялар көбейіп кетті? Өйткені, жігіттер үшін қыздың тәрбиесі мен ақылы емес, бірінші кезекте оның сырт-келбеті маңызды. Дәл қазір, XXI ғасырда бетіне бояу жақпайтын ару жоқ. Табиғи сұлулығын әсемдеумен әлек болып жүргендер қаншама? Иә, бұл жігіттердің қыздарға қоятын бірінші талабы. Егер, сіз қыздарды бар болмысымен қабылдай білсеңіз, қыздар жасандылыққа емес, табиғи сұлулыққа ұмтылар еді. Тәрбиесіне мән берер еді. 

Бұдан басқа, күнделікті қарбалас өмірде орын алып жатқан қоғамдық көліктердегі жағдайға тоқталсақ. Егер, расымен қызды сыйласаңыз, қыздың болашағын ойласаңыз неге майда нәрседен бастамайсыз? Автобуста, орын беруге ниеті, құлшынысы жоқ азаматтарды көріп тағы да аһ ұрасың. Орын бермегенімен қоса, түк білмеген түр танытып, бетіңе ұялмай қарайтындарды айтпай-ақ қояйық. Осыдан кейін қыздардан қандай нәзіктік күтесіз?

Түйін. Құрметті азамат, егер расымен қыз баласының болшағы үшін уайымдап, жаныңыз ашыса қыздарға кінә артуды қойып, түзелуді өзіңізден бастаңыз. Қыз санасыз болса, ақыл айтып, дұрыс жолға салыңыз. Білімді, тәрбиелі болса, намысына кір келтірмеңіз! Бәрі өзіңізге байланысты. Қыз-нәзік жаратылыс. Бірі өмірдің талабына тез сынып кетсе, бірі жүрексіз қатыгезге айналуы мүмкін. Есіңізде болсын, қызға бар мейіріміңізді төгіп, жауапкершілкті арқалай білсеңіз теріс жолдағы қыздарды көрмес едіңіз.