Bugin
Қалада 3 оттегі станциясын орнату жұмыстары аяқталды
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов мәлім етті.
- Қаланың 36 мемлекеттік және 22 жеке медициналық ұйымдары аптасына үш рет ресми парақшалары арқылы коронавирустың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Яғни, тұрғындардың өздері есепте тұрған емханалардың басшылары мен басшыларының орынбасарларына тікелей сұрақтар қою мүмкіндігі бар. Осы тікелей эфирлер барысында COVID-19 инфекциясына қатысты 50 сұрақ қойылды, олардың 37-іне жауап берілді. Қалған сұрақтарға жауаптар қарау сатысында. Жалпы бүгінгі таңда 88 тікелей эфир ұйымдастырылды, - деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада 3 оттегі станциясын орнату жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда 717 оттегі нүктесін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 резервуарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 24 наурызы мен 6 қарашасы аралығында Шымкентте COVID-19 жұқтырудың 5 254 жағдайы тіркелді (2 666 симптомдық және 2 588 асимптоматикалық). Оның ішінде 5152 адам емделіп шықты.
Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы