Қоғам
Менің әкем – тумысынан дара жан. Әл-Фараби бабамыз айтқан тәрбиенің бар саласын бір бойына жиған тұлға. «Ана – сая болар бағың, әке – асқар тауың» дейді қазақта. Біздің де ардақ тұтар асқар тауымыз, әкеміз – Айғараев Жоламан Асанжанұлы.
Біздің отбасында бәрінен биік – тәрбие. Әкеміз әрқашан ала жіпті аттамауды, адамгершілікті таптамауды санамызға құйып отырады. Кездескен үлкен ер адам не әйел адам болсын алдын кесіп өтпеуді жиі еске салады.
Әкеммен бірге серуендеп жүрген кезім болатын. Кенет алдымызда үлкен шыны бөтелкесінің сынығы шықты. Мен айналып өтіп келе жатып, тоқтап қалдым. Қарасам, әкем қасымда жоқ. Артыма бұрылып ем сынған шыны бөлшектерін жиып, алысырақ орналасқан қоқысқа тастап жатыр екен. Мен жанына барып: «Түй, папа, айналып өте салмайсыз ба?!» дедім. Әкем маған қарап тұрып: «Балам, бұл шыны біздің аяғымызды кеспесе де, басқа жанның тәнін жаралауы мүмкін ғой. Біз оны көрдік, ал қараңғы түнде оны байқамай, үстінен басып кеткен жан қандай күйде болады, ойлашы» деді.
Мен де сәл тоқтап, ойға салсам, үлкен астарлы дүние жатыр екен. Бұл жалғыз мысал емес, әр жүрген жолында темір-терсек болсын, аяққа оратылып, жүруге кедергі жасайтын барлық затты тазартып, келесі бір адамның таза жолмен жүруіне өз үлесін қосатын.
Өмірде де әкем дәл сондай. Адамгершіліктің туын ұстап, жанындағы жанға жақсылық сыйлауды әдетіне айналдырған.
«Аққұдай» деген сөзді бір рет айтсаңыз, бірден менің әкем көз алдыңызға елестейді. Таныстарымыздың бәрі біледі, әкем осы сөзді бәріне айтады. Үлкен-кіші, кәріге айтады. Бұл сөзді менің әкемнен естісеңіз, ой, шіркін, бір керемет қой! Мектепте ұстаздық ететін әкемді балалар «аққұдай ағай ғой» деп те айтып жатады. «Бұл – оның шексіз мейірімінің өлшеусіз бөлігі» деп білемін. Жан-жағындағы адамдарға жылы сөздер айтып, жанын жадыратып, басталған күнін нұрға бөлейді. Сонысымен-ақ ортасына сыйлы, арқасүйер, ақыл айтар ағатайы.
Қазақта «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» деген қанатты сөз бар екен. Қанатым қайырылмай биікке ұшуым, бәрі – осы ата-анамның арқасы. Адам баласы өмірде қателесуге болмайтын екі дүние болса, соның бірі – мамандық. Ал, менің мамандығым – журналистика. Иә, көбі «журналистика қыздардікі емес» деп жатады. Ал ол – менің армандаған, сүйіспеншілікпен қалаған сала. Осы саланы таңдағанда менің жақындарымда көптеген күдік, қорқыныш болды. Бірақ, әкем «Қызыма сенемін. Ол қаласа, жасайды» деді. Менің 11-сыныпта шығармашылықпен айналысып, үздік деген мақалаларымның жарыққа шығуына көп көмектесті. Қатемді жөндеп, өз ақыл-кеңесін айтып отырды.
Әке балаға сыншы демекші, мен одан үйренбесем, еш жалықпадым. Соның арқасында қазіргі таңда қасиетті Қорқыт бабамыздың атындағы университетте әкем берген грантпен оқып жатырмын. Мен бақыттымын! Білесіздер ме неге?! Себебі, студенттер университетке түсу үшін грант ұтатын болса, мен өмірдің грантын ұттым!
«Балам – балым, немерем – жаным» деген қазақпыз ғой, біздің әулеттің де немереге деген махббаты бөлек. Ата-анамның тұңғыш немерелері үлкен әпкемнің балалары болды. Яғни, жиендер. Ақсұңқар мен Бағдат, Хадия. Әкем сол жиендерді ерекше мәпелейтін. Еркелеткеніне қарап, қайта бала болғың келіп кететін. Кенжетай Хадияның тұсауын өзі кесті. Онан соң ағамның баласы Әлинұр дүниеге келді. Дүниеге келген соң балапанның атын біраз іздедік. Атасы ойлана келе Әлинұр деп мағыналы есім қойды. Үйімізде жаңа тыныс ашылып, шаңырағымызға бақ қонды. Атасы балапанын қолынан түсірмей, еркелетіп, әлдилеп жүреді.
"Ай балам, май балам, жан балам, Әшкөнтайым, кішкентайым… Атасының қыраны, атасының барысы…". Таң атқаннан кеш батқанша осылай еркелетіп жүреді. «Мейірімге бөленіп өскен жас баланың болашағы жарқын болады" дейді бізге.
Әке – асқар тау, ана – аққан бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Менің анам әр уақытта «Әкелеріңді сыйлаңдар, қарсы сөйлемеңдер, құрметпен қарап, үлгі алыңдар. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Бір жерге шығуға ең әуелі әкелеріңнен сұраныңдар, егер жіберсе барыңдар, жібермесе кіжірленіп ренжімей, үйде отырыңдар» дейтін.
Дастарқан басында әкемізден бұрын тамақ алмаймыз. Әулеттің үлкені келгенде ғана тамақтанып, бәріміз бірге арқа-жарқа боп ауқаттанамыз. Бұл да – тәрбиенің талғамы.
Жан-Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен. Әкемнің ұстаздық етіп келе жатқанына – 37 жыл. Осы жыл аралығында талай шәкіртті ыстық ұясынан ұшырып, сана биігінде қалықтатты. Шәкірттерінің көңіліне нұр, өміріне шуақ шашты. Әрқашан алдынғы орында білімді емес, тәрбиені қойды. Қазір өздеріңіз білетіндей «онлайн оқу» жүйесінде оқып жүрміз. Студенттер де, оқушылар да. Менің таңғалатыным әкемнің сабаққа оқушыдан бетер тыңғылықты дайындалатыны. Сабақты өзінше оқып, ой қорытындылап, сұрақтар дайындап, пікірталас ұйымдастырады. Тағы да мен: «Папау, бір тапсырмаңызды жүктеп қоя салмайсыз ба?» десем, «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз», «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп Момышұлы мен Толстойдың қанатты сөзімен қайырып, қанағаттанғанымды көріп, мәз болады.
Мен бұл қасиетінен де үлгі аламын. Әр іске немқұрайлы қарамай, шабыттана, қай іс болмасын, жалқаулық танытпауды әдетке айналдырамын. Маған әкелік және өмірлік ұстаз болғанына қуанамын, мақтанамын!
Мен өзімді үйдегі балалардан «ерекшемін» деп мақтанып қоямын.
Үлгі бізге айтылған сөзің дара,
Тапқан екен сені де төзімді ана.
Бізді жұрттар мақтаса мақтай берсін,
Мақтау сөзге лайық жан өзің ғана!
Осы орайда асқар тау әкемізді бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Адам өмірінің айтулы белесі – 61 жасқа толу мерейтойыңыз құтты болсын! Алда әлі талай асулар мен белес-беделдер бар. Сізге жарқын да мағыналы өмір, көтеріңкі де кіршіксіз көңіл, денеңіздің саулығын, отбасыңыздың амандығын, қызыққа толы ғұмыр кешіп, көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметіне, ризашылығына бөлене беруді тілейміз.
Өмірде де, қызметте де басына қандай қиын іс түссе де жасымаған, бағы жанса тасымаған, тіршіліктің ауыртпалықтарын, қиын кезеңдерін көрсе де мойымай, күресе білген азамат, мықты қызметкер, аяулы жар, ардақты әке, асыл ата және де айнымас адал дос.
Ардақты әкешім, асқар тауым! Аман болыңыз. Аллам анашыммен бірге немере, шөбере, шөпшек, немене қызықтарын бірге көріп, ақ сақалды ата мен ақ самайлы әже болып бір жастықта қартаюды жазсын. Біздің биік шыңымыз болып тұғырыңыздан таймай, адамдығыңыздан айнымай, отбасының арқасүйері болып жүре беріңіз. Менің әкем – орны төрде, ел сыйлаған ел ағасы!
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін