Bugin
Жаңа оқу жылы басталғанша жағдай тұрақталып, мектеп табалдырығын қайта аттаймыз ба деген үлкен сенім әр оқушыда болған еді
Қазіргі таңда карантин шаралары әлі де болса жеңілдемей тұр. Жаңа оқу жылы басталғанша жағдай тұрақталып, мектеп табалдырығын қайта аттаймыз ба деген үлкен сенім әр оқушыда болғаны хақ. Дей тұрғанмен ауырғандар саны көбеймесе азайған жоқ. Бірақ алдағы уақытта бәрі жақсы болады деген сенімдеміз. Қашықтан оқытудың өзіндік қиыншылықтары бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан С. Сейфуллин атындағы №74 ЖББМ-тің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты педагогы Зәкариянова Сандуғаш Зарыққанқызымен сұқбаттастым.
С. Сейфуллин атындағы №74 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты педагогы Зәкариянова С. З.
– Сіздің ойыңызша балалар қашықтан оқып білімді қаншалықты жақсы игеріп жатыр?
– Негізінен қашықтан оқытудың технологияларымен білім алған оқушы жеке оқу жоспарын, оқу траекториясын өз бетімен жоспарлауды үйренеді. Сондықтан біржақты қарамай, тиімді тұстарына да көңіл бөлген дұрыс.
Биылғы оқу жылында оқушыларға оқу платформалары ұсынылып отыр. Атап айтатын болсақ, «Bilimland», «Daryn.online», «Kundelik. kz» атты платформалар мұғалімдер мен оқушылар үшін ыңғайлы, тапсырмалары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай, оқушының өз бетімен орындауына толық мүмкіндік беретінін байқадық. Материалды игеру, оны өз бетімен қолдану мазмұны сапалы платформаға байланысты екені даусыз. Жалпы оқушылар өте жақсы болмаса да жақсы игеріп жатыр деп айтуға болады.
– Өзіңіздің де балаңыз биыл мектеп табылдырығын аттаған болатын. Ана ретінде балаңызда сабақты меңгеру барысында қиындықтар бар деп ойлайсыз ба?
– Ата-ана ретінде 1-сынып болғандықтан қиындықтар туындайды. Біріншіден, таңертең сабаққа ояту, себебі үйде отырып қатысатындықтан болар тұрмауға болады деп ойлайды. Екіншіден, ата-ана ретінде мені мұғалім рөлінде мойындамайды. Сондықтан тапсырмаларды орындау ұзақ уақытты қажет етеді.
– Онлайн оқуға сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Қашықтан оқыту – тығырықтан шығудың бірден-бір жолы. Ендеше оған көну, меңгеру педагогтер үшін міндет болса керек.
Ұйымдастыру сәті, міндеттер мен мақсаттардың құрылымы көрсетілген нақты тапсырмалармен анықталуы керек. Оқушылардың жетістіктері мен сәтсіздіктеріне жалпы шолу жасап, қиын сәттерді түсіндірудің де өзіндік маңызы бар. Жаңа материалды меңгерту үшін бейнероликтерді, оқу тапсырмасын оқуға деген ынтасын арттыру үшін түрлі әдісті қолдану қажет. Жіберген қателерді талдау және түзету тесттер, жауаптарды жинау формаларын қолдану арқылы жүзеге асырылатындықтан, тапсырмаларды уақтылы тексеруді және оқушыларға олардың жетістіктері мен қателіктері туралы ақпарат берудің де өзіндік орны бар. Тиімді платформалар негізінде жұмыс жасауға еш қарсылығым жоқ.
– Сіздің ойыңызша мектеп оқушылары телефонды сабақ оқу үшін қанша сағат пайдаланады деп ойлайсыз? Тым көп тапсырма бала денсаулығына зиянын тигізбей ме?
– Қашықтан оқыту кезінде оқушылармен байланыс ең маңызды болып табылатындықтан, тапсырманың анық-қанығын, оқу материалдарына толық қолжетімділіктің болуын үнемі бақылау да маңызды. Бұл ретте электрондық күнделікте, whatsapp, т.б. әлеуметтік желілерде топтық хабарламаларды қолдану жақсы нәтиже береді. Оқушылар 4-5 сағат уақытын сабақ оқу үшін телефонда отырады деп ойлаймын. Зиян болуы да мүмкін. Дегенмен қашықтықтан оқымаған жағдайда да ол осынша уақытын телефонда өткізетініне сенімдімін. Ол уақытта қажетсіз ақпараттарға уақыт жұмсаса, дәл қазір қажеттіліктен туындап отырғандықтан аса үлкен мәселе көрмеймін. Тек ата-ана тарапынан қадағалау қажет.
– Мектепке барып оқу мен онлайн оқуда балалардың сабақ үлгерімінде қаншалықты өзгеріс бар?
– Қашықтан сабақ өткізу «offline» сабақпен бірдей болатынын есте сақтау маңызды. Сондықтан «offline» сабақ барысында жақсы оқитын оқушы қашықтан оқытуда да осы көрсеткішті көрсетеді. Ал оқуда қиындық болса ол бетпе-бет өтетін сабақтарда да болады. Сондықтан үлгерім бағытында аса өзгерістер болмайды деп ойлаймын. Тек жауапкершілікті арттыру керек.
– Ата-аналардан «Көп тапсырма бересіздер, күні-түні балам телефонға үңіліп көзі ауыратын болды» деген сияқты шағымдар келген кездер болды ма? Келген жағдайда бұл мәселені қалай шешуге тырысасыздар?
– Ата-аналар тарапынан айтылғандай шағым түскен жоқ. Себебі мұғалім ретінде мен үйге көп тапсырма бермеуге тырысамын. Оқушының жас ерекшелігіне сай тапсырмалардың жеңіл түрі ұсынылуы керек деп түсінемін. Сабақтың негізгі бөлігін 30 минуттық синхронды сабақта түсіндіремін. Қиын тапсырмалар да алдымен осы сабақта орындалады.
– «Қашықтан оқу барысында да жетісткке жетуге болады» дегенге сіздің ойыңыз қандай? Жалпы осы пікірмен келісесіз бе?
– Біз алдымыздағы оқушы үшін интернеттен жаттығулар мен оқуға бағытталған интернет-ресурстарға сілтеме жасап мәтіндер мен тест сұрақтарын жасап сабағымызда қолдануға толық мүмкіндігіміз бар. Дегенмен оқушыға ұсынатын жаңа материалды толық талдап, оқытуды мүмкіндігінше жан-жақты жүзеге асыруды білім беру платформалары арқылы оңтайландыру қолайлы болып табылады. Мәселен, «Bilimland»-тегі «Оnline mektep» педагог үшін де, оқушы үшін де тиімді деп толық айта аламын. Әр тақырыпқа оқушы еркін орындау үшін конспект берілген, конспектімен толық танысып болған оқушы ары қарай берілген тапсырмалармен еркін жұмыс жасайды. Және оқушының жұмысы бірден бағаланып, қанша балл алғанын бірден біле алады. Ал мұғалім оқушының жұмысын мониторинг кестесінен бақылай алады. Ол үшін бағалау рубрикаторы да берілген. Және нақты оқу жетістіктерінің қадамдары да көрсетілген. Осындай тиімді ресурстар арқы қашықтықтан оқыту барысында да жетістікке жету еш қиындық тудырмайтыны анық.
– Қашықтан оқыту барысында балалардың оқуға деген қызығушылығын бәсеңдетіп алмас үшін не істеу керек?
– «Bilimland», «Daryn.online», «Kundelik.kz» білім платформалары бойынша ұсынылған тапсырмаларды орындаудың оқушы үшін маңызы зор деп есептеймін. Оқушы қызығушылығын арттыру үшін жаңартылған білім мазмұнына негізделген әдіс-тәсілдерді сабақта қолдану, оқушының өз бетінше іздену жұмыстарын ұйымдастыру маңызды деп ойлаймын.
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін