Білім және ғылым

Үздік оқушы болу үшін не істеу керек?

Үздік оқушылар үздік болу үшін не істейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сабақ басталғалы біраз уақыт болып қалды. Қазіргі таңда елдегі жағдайдың тұрақтылығын ұстап тұру мақсатында карантин шаралары сақталып жатқаны белгілі. Мектеп оқушыларына бұл жағдайға үйрену қиын болғаны жасырын емес. Бірақ соған қарамастан карантиннің де, үйде отырып оқудың да жақсы жақтарын таба білсек нұр үстіне нұр болмай ма?! Мәселен карантин кезінде қандай жағдай болмасын барлығына сабырлықпен қарап үйренуге болатынын білдік. Отбасымызға көбірек көңіл бөліп, өмірімізге, болашағымызға бір сәт асықпай көз тастап нақты жоспарлауға да уақыт тауып жатырмыз. Үйде оқудың артықшылықтары: мектепке барып уақытымызды кетірмейміз, ауыр сөмке көтермейміз, үй тапсырмалары берілмейді деген сияқты. Үйде оқу көбінесе бастауыш сыныптағы балаларға ауырлау болды. Жоғары сынып оқушылары тез үйреніп кетті деп ойлаймын. Сонымен, нақты тақырыпқа көшейін.

Үйде отырып оқу кездерінде де, мектепке барған кезде де үздік оқушы болу үшін не істеу керек? Сабаққа деген қызығушылығымызды қалай арттыра аламыз?     
   
 Біріншіден: жауапкершілікті сезіне білу керек деп ойлаймын. Себебі балада жауапкершілік деген сезім болмаса, сабаққа немқұрайлы қарайтын болады. Үй тапсырмаларын уақытында жібермеу, кейін де жібере саламын ғой деген ойлар келіп жалқаулыққа да әкеп соқтыруы мүмкін. Жауапкершілікті кішкентайынан бойға сіңіріп өскен бала сабаққа ғана емес өмірлік жағдайларға да үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады. Сондықтан жауапкершілікті басты назарда ұстау аса маңызды. Үй тапсырмаларын уақытынан кешіктірмей орындайтын оқушыларды кез келген мұғалім жақсы көреді.                                                                                                                                                                              
Екіншіден: сабаққа деген қызығушылықты арттыру үшін әртүрлі қаламсапты, стикер, мәтін белгілегіш деген сияқты құралдарды қолданып, конспект жазғанда дәптеріңізді шимақтамай таза жазар болсаңыз өзіңіз үшін де түсінікті болады және пәнге деген қызығушылығыңыз арта түседі. Сонымен қатар мұғалім де тексерген кезде тап-таза, әп- әдемі жазылған дәптерге сүйсіне қарайтын болады. Бұл да бағаға әсер етіп қалар. Дегенмен бұл дегеніміз дәптерді түрлі түсті қаламмен жазып, бояп тастау деген сөз емес. Тек маңызды ақпараттардың ғана астын сызып, таза жазсаңыз болғаны. Мұғалім оны ескеретін болады.                         
                                                                       
Үшіншіден: мұғалімдерге пәнге байланысты сұрақ қойып отыратын оқушылар ұнайды. Түсінбеген тақырыбыңыз бар ма? Сұраңыз. Ұялудың қажеті жоқ. Бір тақырыпты түсінбей қалдыңыз ба, онда келесі тақырыптарды түсіну-түсінбеуіңіз екіталай. Себебі көп жағдайда алдағы уақытта өтетін тақырып өткен тақырыппен тығыз байланысты болып келеді. Мұғалімнен сұрау арқылы сіз сол пәнге деген қызығушылығыңыздың бар екенін білдіресіз. Мұғалім тіпті қуанып қалатын болады.                                                                                                                                                       
Төртіншіден: үздік оқушы болғыңыз келсе, мұғалімдерден жиі-жиі сабақтан тыс қосымша тапсырма алып отырыңыз. Белгілі бір уақытты белгілеп сол уақытта тапсырыңыз. Мұғаліміңізге тексертіп, қатемен жұмыс жасап отырыңыз. Бұл өте маңызды. 

Бесіншіден: уақытты босқа жоғалтудан аулақ болыңыз. Әлеуметтік желілерде сағаттап отырғанша, түсінбей жүрген өткен тақырыптарыңызды қайталап шығыңыз немесе алдағы уақытта болатын тақырыпты алдын ала оқып алыңыз. Өзіңіз түсіне алмаған есеп немесе жаңа тақырыпты өз бетіңізше игеру барысында қандай да бір сұрақ туындай қалған болса сол тақырыпты өтетін күні мұғаліміңізге қойып, түсініп алыңыз.                                                           

 Сөз соңында айтқым келгені, ең бірінші байлық – деніңіздің сау болғаны, отбасыңыздың аман болғаны. Сабаққа көп көңіл бөлемін деп денсаулығыңызға немқұрайлы болмаңыз. Сонымен қатар тағы бір айта кетерім, үздік оқушы болған жақсы-ақ, алайда, бағаға бола оқымаңызшы дегім келеді. Нашар баға үшін депрессияға түсіп, стресс болудың қажеті жоқ. Тоқсан соңында үздік оқушы емес екендігіңізді білдіңіз бе, ештеңе етпейді. Бұл сіздің ақымақ екендігіңізді көрсетпейді. Бірінші тоқсан енді аяқталғалы жатыр әлі де үздік оқушылардың қатарына қосыла аласыз деген сөз. Ал, егер үздіктердің қатарында болсаңыз сіз үшін шын жүректен куаныштымын! Баға үшін емес сапа үшін оқыңыз! Тағы да қайталап айтқым келеді, денсаулығыңызды күтіңіз, отбасыңызға да көңіл бөле жүріңіз, сабаққа көп көңіл бөлемін деп жақсы көретін ісіңізді тастап кетпеңіз. Әрдайым даму жолында болыңыз! Жоғарыда айтқан кеңестерім кәдеге жарап жатса мен тек қуанамын! Құрметті оқырман, осы жазғандарымды көңіліне тоқып ой қорытсаңыз деймін.

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін