МӘДЕНИЕТ
Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл.
Мен сенен оқыдым даналық ғазалын,
Тереңде тұңғиық ғаламат ғажабын.
Түн түнек жаулаған қазақтың даласы
Сен нұрың шашқанда өзгертті ажарын.
Бар алаш түйсініп Шыңғыстау жартасын,
Сөздерің шарлады атырап арқасын.
Жырыңа зер салам.. жаңарған жыл сайын,
Телегей теңіздей тереңге тартасың!
Қара сөз - қайнарым, қалайша қанасың?!
Жырың мен жаныңды күйікке маласың.
Есейіп, түйсініп келемін десем де,
Шын Хәкім шыңдай боп биіктеп барасың.
Күн ғана сүйеді, құзарттың шекесін,
Әр ақын кешеді тағдырдан жеке сын.
Кемелді күй кешіп кеудемді керсем де,
Көкжиекке айналып ,кеңейіп кетесің!
Талпынып келемін , тебіндеп ішімнен,
Жол табам жүректің жанары, күшіммен!
Әзірге танумен таңданып келемін,
Мен сізді бір күні шынымен түсінем!
Дамира Түсіпбекова