Әлеумет
Қордай ауданындағы тәртіпсіздікке байланысты 3 желтоқсанда сот тыңдалымы өтті.
Сотқа берілген іс бойынша 50- ден астам айыпталушы анықталған. Олар Қордай ауданына қарасты Қаракемер, Сортөбе, Масанчи, Қарабатыр ауылдарының тұрғындары. Саны нақты айтылмағанымен, шамамен 7 жәбірленуші шағымданған.
51 күдіктіге "Жаппай тәртіпсіздік", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" , "Қорқытып алу" , "Қарақшылық" бойынша айып тағылған. 51 айыпталушыны 60 адвокат қорғап, 4 прокурор істі қарастыруда.
"Осы уақытқа дейін қосымша қорғаушы берілмеді, жүрегім ауырғандықтан, медициналық көмекке зәру болдым", - дейді айыпталушылардың бірі.
БАҚ өкілдері үшін сот тыңдалымы онлайн түрде өтті. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, "қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, сот қатысушыларынан ПТР-тест алынған".
Тыңдалым кезінде кейбір айыпталушылардың туыстары сот процесіне кіре алмағандықтан, сот ғимаратының алдына бір топ жиналып, процестің ашық өтуін талап еткен.
Ресми мәліметтер бойынша , Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбір көрген . 400-ден астам экспертиза жүргізілді.
Еске сала кетейік, Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасында кикілжің туындады. Ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан бойда, 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, кейін талас төбелеске ұласқан. Салдарынан көліктегі екі адамның зардап шеккені хабарланды. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаса, оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығынан 2,6 жылға айырған.