Білім және ғылым

Сіз естімеген 7 синдром. Париждің қатысы қанша?

Күнделікті өмірде тіршіліктің шашбауын көтеріп, жұмыс пен оқу, отбасы мен даму арасында жүріп, өз жанымызға үңілуді ұмытып кете береміз.Сондықтан жантану ғылымында әйгілі болса да, сіз естімеген синдромдарға тоқталмақпыз.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өзіңізден не танысыңыздан осы синдромның бірін тапсаңыз, дереу психолог кеңесіне жүгініңіз.

Питер Пэн синдромы

Есейгісі келмейтіндер мен өз өміріне жауапкершілік алғысы келмейтіндер, отызда да «бала» боп қалатындар, қарым-қатынастан, ертеңгі күннен қорқып өмір сүретіндерді елестетіңізші?! Дәл осы типтегі адамдар Питер Пэн синдромына шалдыққан екен. Бұл туралы психолог, ғалым Мария-Луиза фон Франц өз кітабында зерттеп, синдромға әдеби кейіпкерлерден «Питер Пэн» мен «кішкентай ханзаданы» жатқызса, өмірде болған тұлғалардан Моцартты мысал еткен еді. Синдром көбіне тым еркелеп өскен немесе ата-анасы балаға жеке шешім қабылдап, жауапкершілік алуына кедергі келтірген балаларда , ал бүкіл әлем бойынша әйелдерден гөрі ер адамдарда жиі кездеседі.

Әр адамның ішінде еркелеп, ойнап жүре бергісі келетін бір кішкентай балақай бар десек те, Питер Пэн синдромы -қоғамның дамуының да, адамның тұлғалық дамуының да басты кедергісі.

Париж синдромы

Париж дегенде көз алдыңызға не елестейді ? Хэмингуей айтқандай «Париж - әрдайым сізбен бірге болатын мереке»  ме?

Ғажайып атмосфера, париждік эстетика, кинодағыдай саяхат, әрі қарай тізе берсеңіз, шегіне жете алмассыз. Бірақ бұл синдром Парижге қыдырып келген туристердің мұндағы тұрғындардың салқынқандылығынан, әдепсіздігінен көңілі қатты қалғанда қалыптасып, психологиялық синдром ретінде атау алған.

Синдром сыпайы қарым-қатынас жасап, сабырлық танытатын жапон халқының Францияға баруынан пайда болған деген мәлімет кездеседі. 1986 жылы жапон психиатрі Хироаки Отой үлкен қалаға жұмыс сапарымен келгенде, дәрігерден осы синдром анықталған.

Париж синдромының жалғыз емі – туристі өз  мемлекетіне қайтару.

Адель синдромы

Ұзақ уақытқа созылған махаббат пен ұмыта алмау, «жоқ» деген қарсы жауапты қабылдай алмау синдромы. Бір адамның екінші адамға деген махаббатының жауапсыз қалуы.Бұл синдром шынайы оқиғадан кейін осылай атау алып, жаны нәзік, тым көңілшек адамдарда жиі кездесетінімен ерекше.

Уақытты кері жылжытып, Виктор Гюгоның қызы Адельдің өміріне үңілсек, жас қыз ағылшындық офицер Альберт Пинсонмен танысады да, бір көргеннен-ақ өмірінің мәні екенін түсінеді.Бірақ жігіт қыздың сұлулығына да, әкесінің беделіне де қарамай, арудың сезімін жауапсыз қалдырады. Кейін Адель бар әлемді шарлап, сол жігітті іздеумен ғұмыр кешкен екен.Ал маңайындағы таныстарына екеуінің үйленгенін айтып, сендіруді әдетке айналдырады. Жаны күйзелген Адель көп ұзамай есінен адасады.

Бұл синдром балаңызға жуымас үшін тек жылы жауап қатып, қалауының бәрін орындамай, керісінше, әділетті түрде жамандық пен жақсылықтың қатар жүретінін түсіндіріңіз, жоқты, бас тартуларды қабылдауды үйретіңіз.

Диоген синдромы

Өнер әлемінен білетініміздей, Диоген қоғамнан, қоршаған ортасынан тыс, бір бөшкеден шықпай өмір сүрген адам. Яғни, социопат немесе мизантроп.

Бұл синдром көбіне жастық шағында қоғамның белсендісі болған, әлеуметтік белсенді адамдарда, қарттарда көп кездеседі. 1975 жылы Кларктың анықтамасымен ғылымға енсе де, сонау ерте ғасырлардан бері кездесетін бұл психологиялық аурудың тағы бір белгісі – ешкімге пайдасы жоқ, қоқысқа тасталатын маңызсыз дүниелерді жинау беру.

Дориан Грей синдромы

«Мәңгі жас, мәңгі қарғыс атқан...».

Иә, «Дориан Грейдің портретін» оқыған жандар бұл синдромды анықтамасыз-ақ түсінді. Сыртқы келбеттің қартаймауына барын салу, мәңгі жастық бейнені сақтауға тырысу, түрлі медициналық, косметикалық процестерді іске асыру...Жастық ажардың сақталғаны , әрине, жақсы.

Бірақ түптеп келгенде адамда синдром жалғаса берсе, ұзақ уақыттық депрессиямен немесе суицидпен аяқталуы мүмкін.

Өзге қол синдромы

Бұл синдром әдеби туындыларда, кино әлемінде көп айтылады. Адамның өз қолын басқара алмауы, әлдебір тылсым күш арқылы қолдың адамға бағынбауы ,әдетте, адамның өзін-өзі ұрып-соғуымен, тұншықтырып өлтіруімен аяқталады. Психологиядағы «екі жан» немесе «тұлғаның екіге жарылуы» ұғымдарына ұқсас келетін бұл синдром өте қауіпті.

Гарри Поттердің соңғы бөлімін көрсеңіз, Хвостті өз қолы тұншықтырып өлтіргенін байқайсыз.Немесе өзіміздің әдебиеттегі Төлен Әбдіктің «Оң қолы» да еріксіз есімізге түседі.

Бұл синдром сценаристер мен жазушылардың ойлап тапқан дүниесі емес, шынайы өмірде кездесетін ауру түрі.Күрделі әрі қисынсыз синдромды емдеудің нақты бір жолы ғылымда әлі табылмаған.

Үш күндік монах синдромы

Неге екені белгісіз, монах деген атауды естігенде жалғыздыққа қатысты ауру деп ойладыңыз ба ? Жоқ, бұл жолы қателестіңіз.

Адамның бір істі соңына дейін жеткізбеуі , жұмысты аяқтамауы, еріншектігі туралы айтқанда, үш күн монах болып, ары қарай доғара салатындардың психологиялық синдромын айтамыз.

Ағылшын тілін үйренуді мақсат етіп, бір апта не бір айдан соң соңына жеткізбей,қоя салдыңыз ба ? Бұл синдроммен ауыратындарға психологтің кеңесі мынау:

 * Бұл іспен айналысу шынымен маңызды ма, ойланыңыз;

 * Жетістік емес, процесс маңызды.Асықпаңыз!;

 * Айналысып жатқан дүниеңізді жақсы көресіз бе? Жауап іздеп көріңіз.

PS. Техногендік ғасыр біздің құндылықтарымызды сәл өзгертіп жатса да, дүниедегі ең құнды қазына да, жауабы табылмаған жұмбақ та – адамның жаны. Бетімізді тазалап, күтетініміздей, жанымызды да күтіп, тани жүрейік. Ал сізде қай синдромның белгілері бар?