Әлеумет
"Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады"
Мейірімділік – адамның өзгеге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, кеңпейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. "Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады" деген сөз бар ғой.
Қоғам енжар, тәкаппар адамдардан құралса, қандай болар еді? Біреудің көмегіне сену түгілі, қай жерде қастық жасап кетер екен деп күтіп жүру қандай әсерге бөлейді? Мұндай адамдардың ортасында өмір сүргіңіз келер ма еді? Әрине, жоқ дейсіз.
Табиғатта "выживает сильнейший" деген заң бар ғой. Онда мейірімділік пен жақсылыққа орын жоқ. Адамзат баласы түйсікпен ғана өмір сүрмейтіндіктен саналылар қатарына жатады емес пе?! Сондықтан бұл заң адамдар арасындағы қарым-қатынасқа керағар болып табылады деп ойлаймын.
Өкінішке орай, мейірімді және қайырымды адамдарды барлық жағдайға жедел жәрдем ретінде пайдаланғысы келетіндер бар. Ерік берсең, мойныңа да отырып алатындар әрдайым табылады. Мұндай әрекеттерді сыпайы, кейде қатаң түрде тыйып та отырған жөн.
"Тым мейірімді болма, ол адам саған сен сияқты барын салып, жоғыңды беріп саған жақсылық жасамайды" деген сөздерді еститінмін. Бірақ қанша рет соны пайдаланған адамдарды кездестірсем де, көңілім қалса да баяғы сол қасиет бойында қалады екен. Ол тәрбиемен, қанмен сіңіп кеткен қасиет. Өзгерте алмадым. Ойланып қарасам, "мейірім төкпесең, жақсылық жасамасаң өзің мейірімге бөленбейсің" деген де сөз бар ғой. Демек, ол жақсылық сол адамнан болмаса да басқадан әйтеуір бір айналып келеді екен. Алла бәрін көруші, ақиқатты білуші ғой. Бір сауап саған еселеніп қайтатынына көзім жетті.
Сондықтан адамға жақсылық жасап, жақсылығына жақсылық қарымта күтпесең ғана шын, яғни нағыз жақсы адам болады екенсің...және сен одан ұтылмайсың...