Қоғам
XXI ғасыр дамыған заман. Ал Қазақстан бір соқыртеке ойынынан құтыла алар емес. "Дамыған", "дамушы" сөздерін қолдану кейде тым ерте сияқты, XVIII ғасырдың күйін кешіп отырғанда.
XX ғасырда өмір сүрген Асқар Тоқмағамбетовтің мына өлең сөздеріне зер салсақ:
"Соқыртеке", соқ - соқ,
Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ!
Шекелерге шекелер,
Кеселерге кеселер,
Шақыр-шұқыр соқ - соқ!"
Асқар Тоқмағамбетовтің бұл өлеңі бір адамға жай жазылған өлең жолы болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ ішкі дүниесіне үңілсек, жанайқайын естиміз. Иә, бұрыннан жалғасқан бұл соқыртеке әлі жалғасып, тоқтар емес.
«Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» осы ойынды ойнаушыларға дәл тауып айтқандай. Үлкен шаһарларымыз бұл індеттен құтылған болар, ал қалған қала, аудан, ауылдарымыз ше? Ауылды айту тіпті қорқынышты. Күндеп болмаса да, айлап «соқыртеке соқ-соқ, қараңғыда көзім жоқ, тиіп кетсе сөзім жоқ» деп, кімнен көрерін, кімнен сұрарын таппай дал болған қарапайым халыққа қайтатын жауап белгілі. «Күйіп кетті, жөндеп жатыр, желдің әсері» керек десең, тағы да басқа сылтаулары дайын.
Бұл дамыған заманда осы ойынды балалардың емес, елдің қамын ойлаған ер-азаматтарымыздың ойнағаны жүрекке сызат түсірері анық. Сонымен қатар бұл ойыннан тек қарапайым халыққа ғана емес, мемлекеттің өзіне де қаншама шығынның келетіндігін айтпаса да түсінікті.
Дамыған мемлекеттерден еш кем емеспіз. Егер мал қайғысын ойламайтын тұлғаларымыз көбейсе, мемлкетіміздің ертеңі соқыртекеден ғана емес ,біршама қиындықтардан құтылып, дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарынан боларымыз белгілі. Осы заманды әрі қарай жалғастыратын біз және соқыртеке ойыныңда шығарып тастау біздің қолымызда, кім қай жолды таңдайды ол әркімнің өз таңдауы! Бірақ естеріңізде болсын соқыртекемен сіздердің ата-аналарыңыз бен балаларыңыздың ойнауы да әбден мүмкін!
Соқыртеке болмасын,
Аяқ-табақ сынбасын.
Шекелер мен шекелер
Бір-біріне ұрмасын.
"Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ "
Болып ешкім тұрмасын!
Дана Асқарқызы
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін