Авторлық ертегі
Бірде періштелер адамдардың өміріне араласып көргісі келіпті. Олар адамдардан бақытты жасырамыз деп келісіпті.
Бір періште:
- Бірақ қайда жасырамыз? Таба алмайтын болу керек олар.
Екіншісі:
- Әлемдегі е-е-ең биік таудың үстіне жасырайық, - депті.
- Жоқ, ұмытпа! Құдай оларды өте күшті етіп жаратты. Тауға шығуды тез-ақ меңгереді. Біреуі барып тауып алса, басқаларына айтады. Сосын олар да оңай тауып алады.
Үшіншісі:
- Онда е-е-ең терең мұхиттың түбіне жасырайық, - депті.
- Ұмытпа, адамдар өте ақылды. Олар сүңгитін аппарат жасап алады да, бәрібір тауып алады.
Төртіншісі:
- Еее, білдім, басқа планетаға жасырайық, - депті.
- Олар білімді, күндердің күнінде олар ғарыш кемесін жасап алады да, бақытты оңай табады.
Сонда періштелердің ішіндегі ең қариясы:
- Мен білемін қайда жасыру керек екенін.
- Қайда?
- Өздерінің ішіне. Олар бақытты сырттан іздеп басы қатып жүріп, ішінен іздеу керектігін мүлде ойланбайды, - депті.
Солай бәрі келісіпті. Содан бері адамдар бақытты сырттан іздеп өмірдерін өткізеді екен. Ал бақыт әркімнің өз ішінде.