Bugin

Орындалған арман

Армандар жалғасуда . . .

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бала кезде ауылда қой бағып, егіннің шөбін шауып жүрген кезімде ағаларым басымыздан жоғары ұстап көтеретін «Алматыны көрсетемін» - деп, Алматыны көрдің бе дегенде «иә, әне көрдім» - деп мәз болатынбыз. Сол бала кезде Алматыны бір рет болса да көрсем дейтінмін. Осылайша мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға келдім. Пах, шіркін, арманым орындалды!

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-ға оқуға құжат тапсырдым, ең алғаш университет қақпасынан кіргенде ғимараттың ең жоғары этажына қарап ойладым: «Мәсссаған, қандай керемет үлкен ғимарат. Шіркін, осы білім ордасының ең жоғары этажында білім алсам ғой, сол биіктен төменге жаңа қадам басқан студенттерді тамашалап қарасам ғой» - дедім. Оқуға түстім, айтқандай біздер химигтер сол ең жоғарғы 10-этажда білім алады екенбіз. Тағы бір арман орындалды.

Университетте бакалавриятты бітіріп, сол қара шаңыраққа «Инженер» болып жұмысқа қабылдандым. Инженер - университеттегі ең төменгі сатыдағы қызмет түрі еді, осылайша сол кездері ректоратқа, яғни басшылыққа құжат апарып қол қойдыру бір мәртебе болатын, сол басшылық отыратын ғимараттың сыртында қарап тұрып айтатынмын: «Мен осы жерде, басшылықпен бірге қызмет жасаймын» - деп. Арада бір жыл өтіп, сол басшылық отыратын ғимаратқа «Ғылым және инновациялар департаментіне» бас маман болып қызметке ауыстым. Тағы бір арман орындалды.

Департаментте қызметте жүргенімде магистратурада сосын PhD докторантурада білім алдым. Сол кездері біз қызмет жасайтын бөлменің терезесінен Алматының төменгі жағында бір төбе көрінетін, әрдайым сол төбеге қарап тұрып айтатынмын: «Сол биік төбеге үй саламын, өйткені су шайса биік, жер сілкінсе қаланың сыртында» - деп. Арада алты жыл салып докторлық диссертациямды қорғап, осы жобамды Әлем банкі жариялаған гранттық конкурсқа ұсынып қазақстандық өнім шығару үшін завод салуға грант ұтып алдық. Осылайша, шаһар басшысы Бақытжан Әбдірұлы басқарған коммиссияның шешімімен бізге завод салуға жер бөлінді. Қайдан дейсіздер ғой, сол баяғы алты жыл армандаған БИІК ТӨБЕДЕН, Алматының индустриялық аймағынан. Қазір күнде сол биік төбеден Алматыға қарап, армандар орындалатына таң қалып, шүкіршілік етемін.

Енді саяси додаға түсудемін!

Армандар жалғасуда . . .

Нұрлыбаев Руслан Ерғалиұлы:

PhD доктор, ХАА академигі