Қоғам
Орталық сайлау комиссиясы жауап берді.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау кезінде неліктен бейнетрансляция жүргізуге тыйым салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz авторлар платформасы ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«Трансляцияға салынатын тыйымға қатысты айтар болсақ, бұл мәселе қазіргі уақытта әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Шынтуайтында, біз трансляцияға шектеу қоятын ешқандай қаулы шығарған жоқпыз. Сайлау учаскесінен трансляцияны жүргізуге БАҚ құқылы. Бұрын солай болған, бүгін де солай болып қала бермек. Біз жағдайдың мән-жайын түсіндірсек дейміз. Қазіргі заңнама талаптарына сәйкес, кедергісіз түсіруге болады. Яғни ұлттық байқаушылар кедергісіз түсірілім жүргізеді, тек екі шектеу бар – дауыс берудің құпиялылығы мен жеке мәліметтер сақталуы тиіс. Қалған ешқандай шектеу жоқ», - деді Константин Петров Орталық сайлау комиссиясының отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Ол сонымен қатар түсірілген видеоны байқаушылардың тарату мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«Контентті тарату жөніндегі байқаушылардың құзыретіне келер болсақ, ол заңда қарастырылмаған. Біз байқаушылардың сайлау учаскесінде видеотрансляция жүргізуіне әрдайым қарсы шығып келдік. Орталық сайлау комиссиясының бұл бағыттағы позициясы еш өзгерген жоқ», - деді Константин Петров.
Айта кетсек, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов сайлау учаскелерінде бейнетрансляция жүргізу заңнамада қарастырылмағанын мәлім еткен еді.