Денсаулық
"Бәрі де денсаулыққа тіреледі"
Пайыздық өлшеммен алғанда тыныс алу жолдары ауруларының көрсеткіші-7,5%. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып барады. Жалпы алғанда Қазақстан халқының жаңа ауру түрлерімен ауру деңгейі өткен жылы 56,8% өскен, бұл - жүз адамға шаққанда 8,3% адам жыл сайын жаңа ауру түрлеріне шалдығады деген сөз. Ал тыныс алу жолдары ауруларына шалдыққан адамдардың саны өткен жылы 14 есе ұлғайған. Ғалымдардың пікірінше тыныс алу жолдары аурауларын қоздыратын ең басты бес фактор: темекі, нашар экология, қолайсыз климат, тұқым қуалайтын және созылмалы ауралар. Осы бес қоздыртқыштың ішінде адам қолымен жасалатыны темекі екені баршамызға белгілі.
Әр жыл сайын темекі шегудің салдарынан 4 млн адам көз жұмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға артып отырады. Темекі - құрамында никотин және төрт мыңға жуық улы зат бар темекі өсімдігінің жапырағынан жасалады. Осыдан болар, өкпенің қатерлі ісік ауруына шалдығатын адамдардың 90 пайызы шылым шегетіндер екен. Сондай-ақ, темекінің қоршаған ортаға тигізер зияны мен алып келер қаупі де өте жоғары. Мысалыға, көлік түтіні мен темекі түтінін салыстыратын болсақ, темекінің түтіні 4 есе улы. Сондықтан да әлемде темекінің кесірінен әр бір 13 секунд сайын бір адамның көз жұмуы таңқаларлық нәрсе емес.
Біздің елде халқымыздың 27 пайызы шылым шегіп, жыл сайын 10 миллиардқа жуық темекі пайдаланылады. Әрине, Денсаулық Сақтау Мимнистрлігі және басқа да қоғамдық ұйымдар дабыл қағып, бұл мәселені талқылап жатыр. Бірақ өткен жылы елімізде темекі өндірісі айтарлықтай қысқартылса да, темекі импортының көрсеткіші керісінше өрістеп жатыр. Жыл сайын ғалымдар темекінің адам өміріне өте қауіпті екенін зерттеп, әрі дәлелдеп келеді. Бүгінгі күні біздің елде де темекіге әуес жандармен күрес жоғары деңгейге көтерілді. Десе де, жоғарыда көрсетілген статистика көңіл қоншытпайды.
Бүгінігі заманда адам баласы өз әлсіздігінің нәтижесінде опық жеп жүр. Темекіге әуестілік - мұның бір дәлелі. Өз денсаулығын күтіп, болашағын бағамдау әр адамның өз қолында.