Саясат

Белгілі әнші Гаухар Әлімбекова 6 жылға сотталды

Мәселенің мәні қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Қазақстанға танымал әнші әрі композитор Гауһар Әлімбекова алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін Алматының Алмалы аудандық соты осындай үкім шығарды. Әлімбековамен сот отырысына қатысқан оның інісі мен сіңілісі судья үкім оқығанша Гаухар ақталады деп сенімді болған. Алайда сот залынан әнші қолына кісен салынып әкетілді.  Ресми видеодан көріп отырғанымыздай, жағдай тым ауыр секілді. 
«Келінге өсиет» айтып, «Махаббатын оралта алмай жүрген « әнші Гауһар Әлімбекова сотта көз жасына ерік берді. 30 жыл сахнада жүріп, халықтың ықыласына бөленген әнші жәбірленуші Бақыт Назаровамен 15 жылдан астам уақыт дос болған екен. Сот материалдарына қарағанда, 2013 жылы сазгер құрбысынан «Ақкент» тұрғын үй кешенінен үй алып беремін деп 40 мың доллар алған. Бірақ аяғында не үй жоқ, не ақшасын қайтарып бермеген. «Гауһарға ақша тауып беру үшін баламның көлігін, бар зергерлік бұйымдарды сатып, бірнеше рет несие алуға мәжбүр болдым» дейді экс-құрбы.  
Жәбірленуші Бақыт Назарова не дейді: 
– Мен үмітімді соңғы кезге дейін үзбеп едім. Мен оған барлық жағдай жасап едім, кім қателеспейді бұл өмірде. Қателігін мойындайтын шығар, тәубесіне келетін шығар деп осы күнге дейін күтіп едім. Оның қазір жүзінен-ақ байқап отырмын ол әлі қатесін мойындаудан аулақ екен.  
Гауһар Әлімбекованың үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық үшін қылмыстық іс қозғалған. Әлімбековамен қатар Феруза Ордабева есімді  алаяқтық бабы бойынша жазасын өтеп жатқан келіншек те сотталды. Прокурор Дәурен Дінбаев  әнші мен Ордабаеваның  жазасы толық дәлелденді, сондықтан Гауһар Әлімбекованы 8 жылға, ал Феруза Ордабаеваны  3 жыл 4 айға  бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот та композитордың кінәсі толық дәлелденді деп шешті. 
Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков мырзаның сөзіне құлақ түрсек:

– Әлімбекова Гауһар Серікбаевнаны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабының 4 бөлігінің 2 тармағында көрсетілген  қылмысты жасауда кінәлі деп тауып, оған  6 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сотталған Әлімбекова жазасын Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтесін. Сотталған Әлімбекованың жазасын өтеу мерзімі 2019 жылдың 30 қаңтарынан бастап есептелсін. 

 

Ал Феруза Ордабаеваға сот 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушылар камераға түсіруге рұқсат берген жоқ. Танымал әнші тек өз кінәсін мойындамайтынын жеткізді. 

 

Дереккөз: Информбюро