Білім және ғылым

Балаға 7 күн ішінде санақ үйрету

Балаға бір нәрсе үйрету – құдды бір шайқастай. Сен онда не жеңесің, не жеңілесің. Сондай шайқастардың бірі – санақ үйрету. Енді, бүгін сол шайқасты қалай жеңуге болатыны туралы сөз қозғағым келіп отыр.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сан үйрену – кішкентай бала үщін ең күрделі кезең. Балаға ата-анасынан кейінгі жақын адамдар – оның аға-әпкелері. Бұл іспен мейілінше оның ағасы немесе әпкесі айналысқаны жөн.

Сонымен, қалай бастаймыз? Мен әрбір кезеңді жеке күндерге бөліп жаздым. Яғни, төмендегі кезеңдерді күн сайын бір-бірлеп орындап отырасыздар.

  1. Алдымен өзіңізді дайындаңыз. Өзіңізге сабырлы және байсалды боламын деп серт беріңіз.
  2. Бірден үйретуге тырыспаңыз. Алдымен баланы сандармен ауызша әңгіме үстінде таныстырыңыз. Мысалы: «Ас үйден үш қасық алып келші», «Дүкеннен екі нан сатып әкелші» және т.б себептермен жұмсаңыз. Егер айтқан заттарыңызды дұрыс мөлшерінде алып келмесе, ашуланбай түсіністік танытыңыз. Не дегенмен, бұл – баланың алғашқы тәжірибесі.
  3. Қызықтыру – шабыттандырумен тең. Алдын ала ғаламтордан санаққа байланысты көңілді ән, санақ-өлең немесе ертегі оқып, балаңызға қызықты етіп айтып беріңіз. Бұл оның қызығушылығын оятады. Телефоннан я болмаса теледидардан санауды үйрететін мультфильм көрсете саламын демеңіз. Баланың мұның маңызды нәрсе екенін ұғынуы үшін өзіңіз уақыт бөліп, көңілін аулаңыз.
  4. Саусақпен санаудан бастаңыз. Бұл жолы ертегімен немесе әнмен құтыла алмайсыз. Жаттатуға тура келеді. Алайда, позитивті ойлай білсеңіз жаттатудың да көңілді әрі оңай жолын табуға болады.
  5. Бұл күннің тапсырмалары алдыңғы күннің тапсырмаларымен бірдей. Себебі, баланың бір күннің ішінде саусақпен санауды жаттап ала алмайтыны белгілі ғой.
  6. Аздаған демалыс... Бала да, ата-ана да тынығуы қажет. Бұл күні саябаққа серуендеп, балмұздақ жеуге болады.
  7. Санақ үйренудің соңғы күнінде баладан бар үйренгенін сұрайсыз. Асықпай 1-ден 10-ға дейін санатыңыз. Білмей қалған не болмаса қателескен жері болса, қатесін түзеп, байыппен түсіндіріңіз. Егер қателеспесе – тіптен керемет. Жетістігі үшін тәттімен немесе ойыншықпен марапаттасаңыз дұрыс болады.

Осымен санақ үйренудің негізгі күндері аяқталды. Тек осы үйренгенін балаға күнделікті қайталатып, есіне түсіріп тұрсаңыз болғаны.

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін