Қазақстан жаңалықтары

«Жас екпін» байқауының жеңімпаздары кім?

Жеңімпаздар «Дәстүрлі ән» және «Дәстүрлі күй» номинациялары бойынша анықталды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

23.12.2020 Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында «Жас екпін» атты жас өнерпаздар республикалық онлайн конкурсының қорытынды гала концерті өтті.

«Жас екпін» – аталмыш оқу орнының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен араға 2 жыл салып өткізіліп отыратын байқау. Сайыстың   ерекшелігі – бас жүлде және бірінші орын иеленген лауреаттары  академияның «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша 2021-2022 оқу жылына талапкерлерді қабылдау кезеңінде шығармашылық емтихандарынан босатылады.   

Биылғы конкурста пандемияның салдары, қиын кезеңдеріне қарамастан, еліміздің әр аймағынан музыкалық орта оқу орындарының студенттері мен арнайы мамандандырылған  музыка мектептерінен 55  үміткер бақ сынады. Қатысушылар материалдарын 9-10 желтоқсан аралығында жіберген. Алайда гала концертте карантиндік жағдайларға байланысты Алматы қаласы, Алматы облысы өңірінен қатысқан жастар ғана марапаттарын сахна төрінен алып, өз өнерлерін ортаға салды.

Жеңімпаздар «Дәстүрлі ән» және «Дәстүрлі күй» номинациялары бойынша анықталды.

Қазылар алқасының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Р.Ө.Стамғазиев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері М.Қ.Әбуғазы, Мәдениет саласының үздіктері Ш.Ж.Даржанова,  С.Қ.Ақбасов  болды.

«Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманат мұра болып жеткен халқымыздың дәстүрлі ән-күй саласындағы асыл қазынасын жан-жақты насихаттауды  мақсат еткен шараның өтуіне ықпал еткен академия ректоры Ақан Жылқышыбайұлына алғыс айтамыз! Қатысушы жастарымыздың келешегі зор» - деп тілегін жеткізді қазылар алқасының төрағасы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Н.Қ. Жанпейісов.

Нәтижесінде «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Сағындық Аружан бас жүлдені алды.

1-орынды Сәлімхан Нұрдана мен Әбілхасимова Ұлжан;

2-орынды Аманғазин Сәулет, Рахимбердиев Дамир және Танатарова Айбике;

3-орынды Қуат Аружан, Тұяқ Шерхан мен Төремұрат Аягөз иеленді.

Сондай-ақ, Тәжібаев Ерғат, Өмірғалы Мадияр, Жанбырбай Дильназ, Ұлыхбан Нұрсабек, Сөткебай Нұрбол арнайы дипломдармен марапатталды.

Ал, «Дәстүрлі күй» номинациясы бойынша бас жүлдені Ашықбай Амантай қанжығасына байлады.

1-орынды Үмбетжан Тимур және Сұлтанқұл Сұлтан;

2-орынды Тлеуқабылов Рауан, Тапалов Нұрболат пен Рамазанова Армангүл;

3-орынды Енисеева Альбина, Бурахан Расул мен Маркенова Алина алды.

Және арнайы дипломмен Шалғын Айдынұлы, Жандос Каримов, Абылайхан Ердәулетов, Алтынай Нұрболқызы, Жанатілеу Амина марапатталды.⠀

«Онлайн форматында өткізілгеніне қарамастан үміткерлердің көптігі бәрімізді қуантты. Қатысушы жастар бірінен бірі өтіп өнерін көрсетті. Хас жүйрікті анықтау бізге оңайға түскен жоқ» - деді Рамазан Стамғазиев.

Сайыс қорытындысы 11 желтоқсан күні шығарылды. 

Динара Орынбекқызы