Bugin
Өз жүрегіңді тыңда!
Уақыт деген зымыран екен ғой! Көзді ашып-жұмғанша 1-сыныпты аяқтайтын, нағыз түлек болатын жасқа жеттік. Қазір менің алдымда ең үлкен сынақ тұр. Жоқ, ол ҰБТ емес, мамандық таңдау! Расымен, өмірдегі ең маңызды шешім. Ол - бүкіл өміріңнің азығы. Сол арқылы күн көрісің, болашағың сонымен құралмақ.
Қазіргі мен өткенді салыстыруға келмейді. Бұрындары бәрі не мұғалімдікті, не дәрігерлікті місе тұтатын. Оның өзі ата-анасының айдақтауымен. Ал қазір әр адам жеке тұлға ретінде қалыптасуды қалайды. Әркімнің өз ойы, өз шешімі бар.
Осы тарапта өзімнің таңдауыммен бөліссем деймін. Мен ойлана келе журналист болуды шештім. Шыны керек, басында қатты қаладым деп айта алмаймын, себебі қыр-сырын білмедім. Ал қазіргі уақытта мен Гүлай Ашекова атты болашақ журналист әпкемнен дәріс алып жүрмін. Ол кісінің сабақты қызықты түсіндіретіні сондай, сол мамандығың бойынша тап қазір жұмыс жасағың келіп кетеді екен. Осы сабақтар арқылы мен журналистиканы терең зерттеп, көп ақпарат алдым!
«Неліктен журналистика?» дейтін шығарсыз. Себебі бала кезімнен көпшілік алдында сөйлеуге бейім болдым. Ал қазір "XXI ғасыр – ақпарат пен жаңалықтар ғасыры" деп естігенім бар еді.
Өз таңдауымда қателеспегеніме сенімдімін! Әрі қарай дамуымды тоқтатпай , нық қадаммен тек алға басамын. Қазақстанның журналистика саласын қазіргі деңгейінен одан әрі көтеріп, өте маңызды деген жайттар мен ащы шындықтарды баяндайтын, халық арасында аты танылған журналист боламын. Дәрежем көтерілген сайын қалтасын толтыратын емес, рухани байлықты сіңіртетіндердің қатарынан болсам деймін. Мен Жаратушыма деген сенімнің арқасында өз мақсатыма жетемін.
Ал артымнан еріп келе жатқан бауырларыма кеңес ретінде айтарым, мамандық таңдау сенің шешімің! Себебі болашақ сенікі. Көңілік қаламайтын мамандықты таңдап, өзің сүймейтін жұмысқа орналасып, мәнсіз өмір сүруден қаш. Одан да ешкімге құлақ аспай, өз жүрегіңді тыңда. Сонда ғана нәтижесін көресің.
Аяулым Ерланқызы
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін