Білім және ғылым
Құрметті ата-ана, бала тәрбиесіне аса көңіл бөле алмай жүрген боларсыз? Таңнан қара кешке дейін жұмыстасыз. Ондай болса, біз сізге көмекші құралды жібердік. Қазақ ертегілерін бір жобаға сыйдырған "Ordagen.kz" қосымшасын телефоныңызға жүктеп алыңыз да, балаңыздың қолына ұстата салыңыз. "Қалайша?" дейсіз бе?!
Ендеше назарыңыз бізде болсын!
Ұлттық, адами, танымдық құндылықтарды бір арнаға тоғыстырып, баланың санасына ертегі арқылы жеткізуді мақсат тұтқан Ordagen жобасы тұсау кесті.
Онда әлемнің түрлі ұлтынан жиналған әрі қазақтың заманауи қоғамын мысал еткен ертегілер бар. Ordagen арқылы баланың ой-өрісі дамиды, көкжиегі кеңейеді. Ең бастысы бала балалықтан алыстамайды, қазақ болады. YouTube-тағы өзге ұлттың мағынасыз видеоларына телміріп отырмайды.
Айта кетейік, 2020 жылдың 21 желтоқсанында Ordagen жобасының тұсаукесері болды. Осы орайда жоба директоры Парасат Тәненовпен (@parasat.tanenov) сұхбаттастық.
Ordagen қандай жоба?
Ordagen – балаларға арналған ертегілерді қамтитын, сол ертегілердің аудио нұсқаларын әрі мультфильмдерін шығаратын танымдық жоба.
Жоба атауы неге Ordagen?
Мақсатымыз – “Ел болам десең, бесігіңді түзе”-ге саяды. 20-30 жылдан кейін орда бұзатын емес, орда құратын ұрпақ тәрбиелеу үшін “Ordagen” деп атадық. Яғни "орда" және "ген" деген сөздерден туған. Мұндағы "gen", яғни "generation" деп отырғанымыз “жасөспірім” деген сөз.
15-20 жастағы қыз-жігітке ананы істе, мынаны істе деп нұсқаулық бере алмаймыз. Олардың өзіндік пікірі, ойы қалыптасқан. Ал балаға, жас ұрпаққа дұрыс пен бұрысты ертегі арқылы рет ретімен жеткізу – Ordagen-нің негізгі мақсаты.
Жобамызда жалпы 33 құндылық бар. Оны төртке бөлдік: адами, ұлттық ,таным және қоршаған орта құндылықтары. Ертегілер осы құндылықтар негізінде жазылады.
Балаға “Ата-анаңды тыңда!” деп ауызбен айтқаннан гөрі, ертегі арқылы тыңдап немесе видео арқылы көрсе, позитивті қабылдар еді.
Бүгінгі бала ертегі оқиды яки тыңдайды дегенге өзіңіз сенесіз бе?
Баланы оқытуға да, тыңдатуға да қызықтыратын – ата-ана. Баланың болашағына алаңдайтын ата-ана онымен бірге отырып кітап оқыса, ертегі тыңдаса, бала мұны сөзсіз қайталайды. Оқу, тыңдау барысында балаға сұрақ қойып, сұрақ қойғызып, жауап беріп, түсінбеген тұстарын түсіндіріп тұрса, қызығушылық артады. Әрі бала мен ата-ана арасында тығыз байланыс орнайды.
Өкінішке қарай, қазіргі ата-ананың жүйкесі баланың жылағанын көтере алмайды. Сол тынышталса болды деп, YouTube-тан өзге ұлттардың түсініксіз мультфильмдерін қосып бере салады. Бала ес білгенше бойына соны сіңіреді.
Ал Ordagen өзге ұлттың әдет-ғұрпын жамайтын жоба болмақ.
Ordagen-нің ертегісі несімен ерекше? Несімен баурамақ?
Біздің ертегі – заманауи. Бұрынғы аюлар мен қасқырлар жоқ. Мұнда Instagram, Tik-tok, телефон, macbook, роботтар бар. Бұл – бір.
Екіншіден, өзгертілетін ертегілер де қамтылды. Мәселен қызыңыздың есімі – Анар. Ол таңертең ұйқыдан оянғанда шашын таратпай қашып жүруі мүмкін. Соған байланысты бір ертегі бар. Негізінен ертегідегі кейіпкердің есімі – Қарлығаш. Алайда сіз «адамның атын өзгерту» деген тетікті басып, Анар деп өзгерте аласыз. Сонда Қарлығаш деген есімнің бәрі түгелдей Анар деп өзгереді. Ертегі тікелей сіздің қызыңызға арналғандай болады.
Бала өз атын естігенде ертегіні мұқият тыңдайды. Өзіміз де есімімізді ести қалсақ, жалт қараймыз. Баланың көңілін осындай тәсілдермен баурамақпыз, ауламақпыз.
Ертегілеріңіздің көбі өмірден алынған екен…
Иә, ғылымда, білімде, қоғамда болып жатқан өзгерістерді түгелдей біздегі ертегілер арқылы жеткіземіз.
Жобада жалпы қанша ертегі бар?
500-ден астам ертегі бар. Оның 100-ін өзге ұлттардың үздік деген ертегілерінен аудардық, Тағы 100-і фэнтези жанрында. 300-ден астамы заманауи, еш жерде жоқ ертегі. Алайда 500 деген лимит жоқ. Ертегілер қатары толығады.
Әлем ертегілері көп қамтылған дедіңіз? Қай елдің ертегілерінен қазаққа тән құндылықтар көре аламыз? Мысал келтіре аласыз ба?
Негізінен қырғыз, өзбек ағайындарымыздың ертегілері бізге жақын. Ал жалпы мықты деген ұлттардың ертегілерін алдық. Африка, Оңтүстік, Солтүстік Американың ертегілерін біздің жобадан кездестіре аласыз. Ол ертегілер арқылы бала өзге ұлттың құндылығына қанығады. Білім жинайды.
Қысқаметрлі мультфильм жасауды қолға алыпсыздар?
Мұны 2021-ге жоспарлап отырмыз. 5-10 минут болатын 50 мультфильм шығарсақ деген мақсатымыз бар.
Қазір қосымшамызды 1 ай тегін пайдалануға беріп отырмыз. Бұл уақыт аралығында біз ең көп оқылған, ең көп тыңдалған ертегіні көре аламыз. Сөйтіп соларға мультфильм түсіруді қолға аламыз. Яғни бізге хит мультфильмді халық өзі тауып береді. Ал жалпы 1 минуттық кішігірім ролик шығардық. Оны Ordagen-нің Instagram парақшасынан көре аласыздар.
Жобаның бір мультфильміне мысал келітіріңізші?
Ordagen-нің Instagram-дағы парақшасында "Мысық пен ит" атты 1 минуттық мультфильм бар. Үлкенге де, кішіге де ой салатын ғибратты оқиғаны баяндаған.
Үйдің жылулығынан, иелерінің қамқорлығынан, жайлы өмірден мезі болған мысық даладағы иттің өмірін аңсайды. Еркіндік пен жалғыздықты қалайды. Ешкім мазаламаса екен деп армандайды. Ақыры арманына жетіп, иттің үйшігіне өзі жайғасады. Ал ит үй иелерінің қамқорлығына бөленеді.
Уақыт өте келе мысыққа бұл өмір де жақпайды. Адамдардан қалған жуындыны жеп, даланың аязынан қалтырап, жануардың қабағы қайта шытылды. Бұрынғы өмірін аңсайды.
Бұл қысқаметрлі мультфильм арқылы адамға қанағат пен шүкірліктің мәнісін түсіндіргіміз келген. Төмендегі пікірлерге зер салсақ, мақсатымыз орындалған секілді.
Балалар әдебиетінде басымдықты нендей дүниеге берген жөн? Баланы жалықтырып алмау керек қой...
Жобаны ашу барысында психологтармен, балабақша әдіскерлерімен, еліміздің үздік педагогтарымен ақылдастық. Бәрі дерлік қиял ғажайып ертегілердің көп болуын баса айтты. Баланы армандауға үйрету керек екенін ескертті.
Екіншіден, ертегілірімізде эмоция мол қамтылған. Кейіпкердің эмоциясы арқылы баланы ұстап отыруға болады. Кейіпкердің барлық сезімдерін бала да сезіне алатындай жасауға тырыстық.
Кітап түрінде шығару жоспарда бар ма? Әлде тек онлайн бола ма?
Бір кітабымыз бір-екі күнде дайын болады. Алдағы жылда фантастикалық ертегілерге екі кітап, әлем ұлттарының ертегілеріне үш кітап шығарамыз. Жоспарымыз 2021-ге 10-15 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.
Болашаққа жоспарларыңыз қандай?
2022-де толық метражды 1-1,5 сағаттық анимациялық, сапалы мультфильм жасап шығаруды мақсат еттік. Біздің ертегілерді әлем мойындау керек. Дәлелдетуіміз керек.
Айта кетейік, Ordagen жобасының қосымшасын телефоныңыз Android болса Play Market-ке Ordagen.kz деп жазу арқылы жүктеп аласыз. Ал iPhone ұстайтындар App Store-дан Ordagen деп жазып жүктейсіз. Қосымшадағы 500-ден астам қазақ тіліндегі ертегінің жазбаша және аудио нұсқасын 1 ай бойы тегін оқып, тыңдай аласыз.
Сұхбаттасқан: Гүлім Жақан