МӘДЕНИЕТ

Жаңа жылға құттықтау тілектер мен өлеңдер

Жаңа жылға құттықтау тілектер мен өлеңдер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ғажайып армандар мен жарқын үміттерге толы өмірдің жаңа бастамасы іспетті жаңа жыл мерекесі де жақындап келеді.

Осы орайда  Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы жаңа жылға арналған құттықтау тілектер мен өлеңдер легін ұсынады.

Жаңа жыл құтты болсын! Осынау мерекеде жұмысыңызға табыс, жүрекке тыныштық, мықты денсаулық, дастарханыңыздың молшылықта болуын тілеймін. Бұл жылда барлық тілектердің орындалуын, сәттіліктердің жалғасуын тілеймін!
***

Жаңа жыл сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, жаңа жетістіктер және татулық әкелсін! Керегелеріңіз кеңейіп, шаңырақтарыңыз биіктей түссін! Әрбір жаңа бастамаларыңыз тек қана жеңіс пен сәттілікке ұласа берсін!

***

Сіздерді жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа 2021 жылда жағымды жаңалықтар мен телегей табыс мол болсын! Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, отбасыңызға баянды бақыт пен бақ-береке келсін! Мерейіңіз үстем, беделіңіз биік, абыройыңыз асқақ болуына тілектеспін!

***

Жаңа 2021 жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір! Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылады. Осы шашылған нұр әрбіріміздің шаңырағымызға шуақ болып тарайды. Қай-қайсымыз болсақта осы мерекелік кештен келесі Жаңа жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз, ол сезім бізді келесі жылға дейін үмітпен жетелеп отырады. Жаңа 2021 жыл әрбір шаңыраққа құт, береке, ырыс алып келсін!

***

Ескі жылдың қайғы-мұңын, өкпе-наздың барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы алу керек. Әрбір кірген жаңа жылдың өзінің дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады. Достар, біз де өкпе-назымызды, өкініш-мұңымызды, қиындық сезінген сәттерімізді бір сәт естен шығарып, ескі жылға қалдырып, Жаңа жыл табалдырығын махаббатпен, мейіріммен аттайық, бізді алда тек қана қуаныш пен бақыт күтіп тұр деп сенейік. Жаңа жылда үйлеріңіз нұрға, құшақтарыңыз гүлге толсын!

***

Жаңа жыл барлығыңа тек қана жаңа қуаныш, жаңа бақыт, жаңа табыс алып келсін!
Ортамыз ойсырамай, Алла тағала жылдан жылға аман-есен жеткізе берсін! Бәріңе мықты денсаулық, берекелі байлық тілеп, жаңа бастаған істерің оңынан шешіліп, соңынан тойлап жүре беріңдер демекпін!
Жаңа жыл құтты болсын!

***

Жаңа жыл сіздер үшін зор жетістіктерге қол жететін, 
ой-мақсаттар жүзеге асатын, 
арман-үміттер ақталатын жыл болсын. 
Сіздерге зор денсаулық, молшылық пен бақыт тілеймін.

***

Жаңа 2021 жыл мерекелі, берекелі болып, мерейіңіз үстем, беделіңіз биік, абыройыңыз асқақ болуына тілектеспін!
Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа 2021 жыл бақыт, шаттық, қуаныш, құт-береке әкелсін! Жаңа 2021 жылда ырыстарың көп болып, табыстан табысқа жете беріңдер! Жаңа 2021 жылдағы жоспарларың іске асып, тілектерің орындалсын!

***

Жаңа жыл - жаңа үміттер мен жаңа жоспарлар. Сіздерге жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстар тілеймін. Бұл жыл жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, бақытты оқиғаларға толы болсын. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар әкелсін. Жаңа жыл құтты болсын!

***

Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,

Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.

Жақсылықтың белгісі, жаңа уақыт,

Келіп, міне, жатырмыз, қауқылдасып...

Бірге соғып бар әлемнің сағаттары,

Он екіні күтер, қалмай, тағаттары,-

Ғасырдың он екінші жылы келді,

Құстай ұшып, қырау шалған қанаттары!

Құтты болсын Жаңа жыл, барша қауым,

Құтқа орансын кең байтақ дархан елім.

Қазақтың пейіліне тарту етсін,

Табиғат ашық аспан, таң шапағын!

***

Келді, міне, Жаңа жыл ортамызға,
Құт-береке әкелсін баршаңызға.
Аңсаған арманыңыз орындалып,
Өміріңіз бақыт пен толсын нұрға.

* *  *

Қағып тұр Жаңа жыл кеп есігіңді,
Болмайды той-думанның кеші мұңды.
Жаратқан түгел қылып берсін сенің
Бақыт пен ырысыңды, несібіңді!

Ашылып ғасырдың бір ақ парағы,
Өзіңе Қыдыр дарып, бақ қарады.
Жаңа жыл берекелі жыл боп кірсін,
Табысқа бастап сені асқаралы!

* * *

Жаңа жылым, жаңа күнім, ардақты,
Жаңа жылым, салиқалы, салмақты!
Қазағымның айқара ашып есігін,
Жақсылықпен жаңалығын жалғапты!

Жаңа жылым, жаңа айым, ақ берен,
Жаңа жылым, келді бірге бақпенен!
Төрт түлігім түгел болып жерімде,
Арылмасын дастарқаннан ақ деген!

***

Жаңа жылым, жарқын жүзді жандарым,
Жаңа жылым, әрбір атқан таңдарым!
Үміт артқан болашаққа ақ жарқын,
Сөнбесінші әр үйдегі шамдарың.

Жаңа жылым, тіршілігім, тынысым,
Жаңа жылым, күнделікті жұмысым!
Бесігінде ұйықтап жатқан маужырап,
Сәбиімнің бұза көрме тынышын!

Жаңа жылым, бейбіт күнім, жаратқан,
Жаңа жылым, достық үнін таратқан!
Елің үшін, жерің үшін кең байтақ,
Жаңа жылда, жаңа күнмен қанаттан!

Жаңа жылым, ырысы мол, дана бір,
Жаңа жылым, жазылмаған жаңа жыр!
Өз еліме ала келсін қашанда,
Жаңа жылым, жаңа бақыт, жаңа нұр!

***

Жаңа жыл келді, жаңарып күндер, апталар,
Құттықтауменен жетіп те жатты хат-хабар.
Сарғайған сана, көмескі кеуде қайткенде,
Алғашқы жауған ақ қардай болып ақталар.

Келетін жылғы гүлденген күндер қайтадан,
Жұпарсыз гүлдеп, санамды қайта шайқаған.
Ақ боран соғып арымды шайса алтынға;
Жаңарған сені жаңа жылым деп айта алам.

Қош енді, қош бол, жаңа боп қайта ескірген,
Жылжыған жылдар, барлығын-дағы кештім мен.
Пенделік сенен періштелер қашып кеткендей,
Жаңалық таппай жалғаншы деген бес күннен.

Жаңа жыл келсе жаңарсын барлық жүректер,
Жаңарсын барлық жаңаша болып тілектер.
Қырықтың бірі Қыдырдан берсең қаңтарда,
Ұл менен қызға уыздай аппақ жүрек бер.

Қазақ боп ертең әлемді барша таң қылып,
Тігеміз туын тектіліктің біз мәңгілік.
Салют боп жауып ақ періштелерім сонда түндерден
Мен күткен ертең жаңа жыл келед жаңғырып.

***

Қыс келгенде далама
Қызығып тек тұрамын
Ат жегіп алып шанама
Аппақ қармен зырлаймын.

Не ойласаң жаңа жылда
Орындалады бар арман
Жаңа жылды сондықтан
Күтеді барлық балақан

О, керемет, керемет
Бейне аппақ көбелек
Ақшақар жай көлбеңдеп
Қонып жатыр жерге кеп.

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін