МӘДЕНИЕТ
Димаш Құдайберген өзін сынағандарға жауап берді
Димаш Құдайберген ресейлік «Сәлем, Андрей» шоуының эфиріне қатысты Instagram-дағы парақшасында пікір білдірді. Бұл туралы bugin.kz авторлар платформасы хабарлайды.
“Қымбатты достар, “Ресей” телеарнасындағы “Сәлем, Андрей” телешоуының кешегі эфирін бәріңіз тамашалаған шығарсыздар. Бағдарламада кішігірім болса да, мен үшін маңызы зор эпизод болды. Алайда эфир барысында ол көрсетілмеді. Онда мен мемлекетім мен жерлестерімді мақтан тұтатынымды және жақсы көретінімді айтқан едім.
2013 жылы болған “Саз әлемі” бағдарламасындағы жайт қазақстандықтардың маған деген көзқарасын білдірмейді. Мен ол бағдарламаға дейін талай халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атандым. Өз мүмкіндігімді білемін және қалай дұрыс деп санасам, солай ән айтуды жалғастырамын.
Мені қашан да қолдап, барлық жағынан көмегін аямайтын ата-анам. Жақындарым, достарым бар. Бірақ Қазақстанның арқасында қандай дәрежеге жеткенімді түсіну керек. Мен Қазақстанда туып-өстім, қазақтың асынан дәм таттым, қазақ педагогтан дәріс алдым, қазақ отбасында тәрбие алдым. Мені шабыттандыратын да, биікке көтеретін де – қазақ ұлты. Мансабым Америка мен Қытайда шарықтай бастады, алайда мен екі елге де еліміздің байрағын көтеру үшін бардым.
2013 жылғы видеоны мүлдем ұмытып кеткен едім, қайта көремін деп ойламадым. Ешкімге өкпелі емеспін. Қайта отандастарымды қорғап сөйлеген едім, алайда белгісіз себептермен эфирде көрсетілмепті.
Қымбатты достар, бұл жағымсыз видеоны таратуды тоқтатайық...” – деп жазған әнші отандастарын мейірімді болуға шақырды.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен “Сәлем, Андрей” бағдарламасында 2013 жылғы “Саз әлемі” бағдарламасындағы үзіндінің видеосы көрсетілген. Кейін ресейлік жұлдыздар видеоға қатысты пікір білдіре бастады.