Әлем жаңалықтары
Әзірбайжан Таулы Қарабаққа шабуыл жасалғанын мәлімдеді
Әзірбайжанға Таулы Қарабақта «қарулы топ» шабуылдады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Azattyq.org-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
28 желтоқсанда Әзербайжан Таулы Қарабақтағы шабуыл кезінде бір сарбаз қаза тауып, біреуінің жараланғанын хабарлады. Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәліметінше бір күн бұрын “армяндардың заңсыз қарулы тобы” Ходжавендтегі Агдам елді мекенінде әскери бөлімге шабуыл жасаған. Шабуылдаушылардың барлығы мерт болған. Министрлік алдағы уақытта осыған ұқсас шабуыл қайталанса, "түпкілікті шаралар" қолданатынын ескерткен.
Таулы Қарабақтағы армян әскері мұны “үгіт-насихат сипатындағы арандату” деп атап, жоққа шығарды. Олар өткен айдағы атысты тоқтату туралы келісім шарттарының “қатаң сақталуын қадағалап отырғанын” айтты.
Армения қорғаныс министрлігі оның алдында Таулы Қарабақтың оңтүстігінде кикілжің болды деген ақпаратты терістеген.
Тараптар арасында Мәскеу араласуымен жасалған келісім 10 қарашада күшіне енген. Келісім нәтижесінде 30 жыл армяндар бақылауында болған Таулы Қарабақтағы жеті аудан (арасында Ходжавенд те бар) Әзербайжанға қайтарылған.