Bugin
Жұлдыз Әбдікәрімова эмоциясымен бөлісті
Әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Абдукаримова "Әлем ханымы-2020" конкурсының тәжін киіп, лентасын тақты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.
Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, елордада Жұлдыз Абдукаримова "Әлем ханымы-2020" конкурсының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
"Қасымдағы қыздардың бәрі осы уақытқа дейін қандай сезімдесің деп сұрап жатыр. Шыны керек, мен осы уақытқа дейін толқып жүрдім. Сезінбедім. Басымда ол кезде тәж болмады (...) Жалпы "Әлем ханымы" деген атақ алғандарды сахнада көріп жатамыз. Ресми түрде табыстағанын енді сезіндім", - деді Жұлдыз Абдукаримова.
Халықаралық конкурстың тәжін Жұлдызға журналист, аталған байқаудың Қазақстандағы ресми өкілі Арай Әлімхан табыстады.
Конкурс нәтижесі шыққаннан кейін қазақстандықтар бұл қай конкурс екенін сұрап, күмән келтіргендер де болған. Ал "Әлем ханымы" конкурсының Қазақстандағы ресми өкілі, журналист Арай Әлімхан бұған қатысты пікір білдіріп, сайыстың ресми өкілі екенін айтты.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Абдукаримова "Әлем ханымы-2020" титулын жеңіп алғаны белгілі болды. Дауыс беру байқаудың ресми сайтында 1-24 желтоқсан аралығында өтті. Оның қорытындысы бойынша Жұлдыз Абдукаримова бірінші орынға ие болды.
Қайрат Нұртастың әйелінің Instagram желісіндегі парақшасында 2,3 миллионнан аса қолданушысы бар. Қайрат екеуі екі ұл және екі қыз тәрбиелеп отыр. Ол осыған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтардан қолдау көрсетуін сұраған еді.
2019 жылы бұл конкурсқа Арай Әлімхан қатысқан. Ол 96 үміткердің ішінен 13-орын алған болатын.
Ал биыл сұлулық байқауында тағы бір қазақстандық - 32 жастағы Аяна Сұлтанбекова да бақ сынады. Ол ұйымдастырушыларға өзі хабарласып, өтінім жіберіп, Орта Азия атынан қатысты.
"Әлем ханымы" - бұл халықаралық сұлулық байқауы, тұрмыс құрған ханымдарға арналған жыл сайынғы сұлулық байқауы ретінде ұйымдастырылған. "Әлем ханымы" байқауы 2007 жылдан бері өткізіліп келеді, ол алғаш рет Болгарияда өтті. Оған әлемнің кез келген елінен үйленген, ажырасқан немесе жесір қалған 18-55 жас аралығындағы әйелдер қатыса алады. Биыл пандемияға байланысты конкурс онлайн форматта өтті, бірақ ұйымдастырушылар келесі жылы конкурсқа қатысушылардың өз жобаларын таныстыру үшін келуге мүмкіндігі болатынын айтты.