Bugin
2020 жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Бұл жыл тарихта қалары анық. Әлемдік пандемия қанатын кең жайып, қалалар арасына блокпост қойылды. Әуе жолдары жабылып, бар әлем қатаң шектеулерге бағынды. Пандемия салдарынан жұмыс орындары азайып, жарты штат онлайн жұмыс істеу тәсіліне көшті. Экономикалық жағдайдың нашарлағаны айтпаса да түсінікті.
2021 жылы жағдай өзгере ме? Бұл туралы біз қаржы эксперті Динара Бердалыдан сұрап көрдік.
«2020 жыл бізге ақша үнемдеуді үйретті. Қаражатты оңды-солды жаратуға болмайтынын түсіндік. 2021 жылы да осы ұстанымға берік болуға кеңес беремін. Жаңа кәсіп ашып, кіріс көзін ұлғайтқан жөн. Көзге көрінбейтін ұсақ-түйекке қатты мән беру керек. Әсіресе қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қызметтің сапалы болуын қадағалау қажет. Сапалы қызмет көрсете алсаңыз, кәсібіңіз табысты болады» деді Динара ханым.
Танымал нумеролог Айгүл Махатова 2021 жылға мынадай сараптама жасады. Айгүл ханымның айтуынша 2021 жыл – өзгеріс пен еркіндік жылы.
«2021-де жылдам шешім қабылдау қажет. Тәуекелге қорықпай бел буып, көптен ойда жүрген жоспарлар мен армандарды іске асырған жөн. Бұл жыл жалған уәде мен өтірік көлгірсуді жақтырмайды. Келер жыл – еркек энергиясындағы жыл. Демек, тұралап қалған іс-әрекеттер жылдамдық алады. Сенімді, батыл шешім қабылдауға болады. Әлемде экономика деңгейін рекордты екпінде сақтау үшін термоядролық энергияны меңгеру арқылы аштық жойылады. Көлік арзандайды. Өмір сүру деңгейі жақсарады. Теңге тұрақтылығын сақтайды. Дегенмен, жасанды интеллект технологиясының дамуы әсерінен көптеген жұмыс орындары жабылуы мүмкін. Оқу әдісі виртуалды кеңістікте жалғасады» деп болжам жасады.