Авторлық ертегі

Жариясыз жақсылық

Бір ауылда етікші болады. Ол күн сайын бай ауылдың базарына шығып көп етік тігіп, көп ақша табады екен. Алайда аш отырған көмекке зәру халыққа ешқандай көмек бермейді-мыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бір ауылда етікші болады. Ол күн сайын бай ауылдың базарына шығып көп етік тігіп, көп ақша табады екен. Алайда аш отырған халыққа ешқандай көмек бермейді-мыс.

Сол ауылда ет сататын жігіт бар екен. Оның алатын айлығы аз болса да, күнде халыққа белгілі мөлшерде тегін ет тарататын болады. Ауыл ақсақалдары бірде етікшіге келіп:
- Әй, қарағым сен күнде қаншама ақша табасың, бірақ халыққа ешқашан көмек көрсетпегенсің. Ал ана қасапшы жігіт айлығы аз болса да бізге үнемі тегін ет беріп тұрады. Аш отырған халыққа көмектесер ниетің жоқ па? - деп сұрайды.
Бірақ етікші оларға жауап бермей, үнсіз қарайды да үйіне кіріп кетеді.
Содан соң ақсақалдар қайтып кетеді. Күндер өтеді. Түндер өтеді. Айлар өтеді. Жылдар өтеді. 
Бір күні етікші өмірден озыпты. Алайда оны жоқтап ешкім бармайды екен. Ол тірі кезінде ешкімге жақсылық жасаған жоқ дейді екен.

Етікші өмірден озған күннің ертесінен бастап ет сататын жігіт халыққа тегін ет таратуды қойыпты. Содан ақсақалдар бір күні келіп:
- Балам, сен неге халыққа тегін ет беріп, көмектесуді тоқтаттың? - деп сұрайды.
Сонда қасапшы былай деп жауап беріпті:
- Етікші тірі кезінде күнделікті тапқан ақшасын маған беріп отыратын, ал мен сол берген ақшасына лайықтап етті халыққа тегін тарататын едім. Енді етікші жоқ, маған ешкім ақша бермейді, сол себепті тегін тарата алмаймын - деп жауап берген екен.

"Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын"- деген сөз бар.
Ал сіз құрметті оқырман, жақсылықты жариялап жасар ма едіңіз әлде етікші сияқты жариясыз жасар ма едіңіз? 

Жақсылықты кім, қалай жасайды өз еркінде. Бастысы Алланың разылығы, жүректің тыныштығы үшін жасалса болғаны...

 

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін