Білім және ғылым
Қазақстандағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, бүгінде Түркияның Анкара қаласындағы Хаджи Байрам университетінің «Кино және ТВ» мамандығы бойынша магистратура студенті Мархаббат Ілиясова білім алған екі мамандығы бойынша да жұмыс жасап, Қазақстанда осы екі саланы да дамытқысы келетінін айтты.
Бакалаврды аяқтаған Мархаббат ханым бірнеше сайтта және телеарнада бір жыл бойы жұмыс істеген екен. Қазақстанның танымал «16 қыз», «Ең сұлу», «Той любой ценой» сынды фильмдерінің және «Айналайын», «Қара шаңырақ», «Егіз ғұмыр», «Бақталас» секілді сериалдарының режиссері Қанағат Мұстафинмен жұмыс істеген Мархаббат Ілиясова «Түркияға оқуға түсемін, түспесем жұмысымды жалғастырамын» деген оймен жүргенде аяқ асты Түркияның грантын жеңіп алады. Сөйтіп, бұйыртса, бір емес, екі мамандық иесі атанғалы отыр.
Режиссердің жанында жүріп, кино саласына деген қызығушылығы артқан Мархаббат ханым журналистиканы да, кино саласының деңгейін де биіктеткісі келеді. Алайда көп ойлану нәтижесінде қазақ кино өнерін дамытамын деген байламға келгенін айтып өтті.
P.S. Мархаббат ханым журналистика саласын таңдап отырған жас мамандарға да, кино саласын дамытамын деушілерге де сәттілігін тілеп, сөзін аяқтады. Оның айтуынша бірінші орында – еліне пайдалы іспен шұғылдану. Болашақта Мархаббат Ілиясова секілді табанды да талантты жастардың арқасында еліміздің даму дәрежесінің ешқашан төмен түспейтініне зор сеніммен қараймыз.
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін