COVID-19
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон дүйсенбі күні кешке Англия аумағында жалпыұлттық карантин жариялады. Елде коронавирус жұқтырғандар күрт өскен.
Тұрғындарға аса қажет болған жағдайда ғана үйден шығуға кеңес берілді. Дүкендер мен қызмет көрсету мекемелерінің дені жабылады, ал мектептер қашықтан оқытуға көшеді.
Англияда осымен үшінші мәрте коронавирусқа қатысты жалпыұлттық локдаун жарияланды. Алғаш рет қатаң карантин былтырғы наурызда, сосын қараша айында енгізілген. Бірақ желтоқсан айының басында локдаун аяқталған. Жыл соңында Лондон қаласында және Англияның оңтүстік-шығысында вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Оған коронавирустың «ерекше» штаммы себеп болды. Джонсон вирустың бұл түрінің жұғу көрсеткіші 50-70 пайыз күшті екенін растады.
Премьер-министр елде өткен айда халыққа вакцина егу науқаны басталғанын еске салды. Шамамен бір миллион адам вакцина қабылдаған.
Коронавирус пандемиясы басталған жылға жуық уақытта Ұлыбританияда 2,5 миллионнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталды. 75 мыңнан астам адам осы аурудан қайтыс болды. Қазір бір тәулікте 50 мыңнан астам адамның вирустың жаңа түрін жұқтырғаны анықталып жатыр.