Қазақстан жаңалықтары
10 қаңтардағы сайлауда ЕҚЫҰ-ның отыздай бақылаушысы болады
10 қаңтарда Қазақстанда өтетін парламент сайлауына бес елден жеті парламент мүшесі мен қызметкері жіберіледі. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
ЕҚЫҰ бақылаушылары ел астанасы Нұр-Сұлтанда болып, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросы жіберген ұзақ мерзімді бақылаушылармен бірге жұмыс істемек. Ұйымның мәліметінше, Қазақстандағы сайлауда ЕҚЫҰ-ның барлығы отыздай бақылаушысы болмақ.
Болгарияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының вице-президенті Кристиан Вигенин ЕҚЫҰ жіберетін қысқа мерзімді бақылаушылар тобының жетекшісі ретінде тағайындалды. Ол 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлаудың өту процесін қорытындылайды.
Айта кетейік, 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына биліктегі «Нұр Отан» (партияны елдің экс-президенті, билікке әлі ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев басқарады) мен "Ақ жол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады.