Әлеумет
Бақытты болу үшін бір жағымды жағдайды, қиындықтардың аяқталуын күтпейсің, ешкімнің рұқсатын сұрамайсың. Қиын жағдайда да, бақытты сезінуге болады. Адам баласы, қолда бары өзіне жетіп тұрғанда, шынайы бөлісуге игі болады. Сол сияқты, әр сәтке, жағдайға қанағат пен шүкіршілік етсек, басқамен бөлісу қиынға соқпайды.
М. Шахановтың осы өлең жолдары есіме түсіп кетті, ойландым, қанағат еттім:
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"-
Деп қиялдап, өр биіктен көрсетіппіз бекер бой,
Қымбаттым-ау, сөйтсек Бақыт ҚАНАҒАТта екен ғой.
Егер бүгін аласарса мекенінің шоқтығы,
Оған себеп, қанағатсыз адамдардың көптігі..."
Қандай адам болмасын бақытты іздейді, бақытқа талпынады, бақытты болғысы келеді. Бірақ "бақыт деген не?" деген сұраққа әркім өзінше жауап береді ғой.
Шынайы бақыт жабырқау мен қайғы-қасіреттің болдырмауында емес, қуаныш пен қанағатты сезіне біліп өмірге шаттануда жатыр. Адам өмірде бақытты бола алады, болуы да керек, тек оны сезіне және бағалай білсе.
Басқаларға қуаныш, бақыт сыйласаң, өзің де бақытқа кенелесің. Біреуге қарап жымисаң, ол да жымияды. Бұл да бір заңдылық қой. Неғұрлым көп берсең, жерге сепкен әр тұқымнан мың тұқым алатының сияқты, соғұрлым қайтымы көп болады. Берсең, міндет етпе. Алғаны үшін ол бір рет қуанса, бергенің үшін сен бірнеше есе қуанышқа бөленесің.
Нағыз бақыттылар – барлық нәрсе қолында болмаса да, бар нәрсеге қанағат ететіндер! Қанағат болған жерде бақыт та болады. Бақыт – бір адамға ғана тән емес, ол өзгелерге ортақ болуы керек. Біздің бақытымыз өзгелерге де шуағын төге білсе, нағыз бақытқа айналады емес пе?!
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін