Білім және ғылым

Мен таңдаған мамандық

Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 Бүгінгі заман ағымына ілесу, білімді жастар санатына қосылу үшін терең білім мен біліктілік қажет. Міне бірер жылдан соң біз мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама аламыз. Болашақта бізді үлкен асулар мен биік белестер күтіп тұр. Еліміздің игілігі үшін өз қалауымыздағы мамандықты таңдаудан жаңылмауымыз қажет. Себебі, әр адамның таңдаған мамандығы болашағына тікелей байланысты.

 Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Мамандық таңдау дегеніміз өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Мамандықты таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Менің жаныма жақын қалаған мамандығым –  журналист. Бұл мамандықтың қыр-сырын игеріп, тереңінде жатқан асыл маржандарын теріп, білікті маман иесі болғым келеді. Журналистика – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты біліктілікті талап ететін жауапты сала.

 Журналист болу үшін тума дарын қажет. Себебі бұл сала шығармашылықпен тығыз байланысты. Мен бала кезімнен көркем сөзбен айналысып, арасында өлең шығаратынмын. Дегенмен қазір нақты қолға алып айналысып, ізденіс пен талпынысымды сүйіспеншілік пен жаңашылдыққа бастап дамытып келемін. Бұл мамандықтың мақсаттарының бірі – халық пен билікті байланыстыру. Журналист болу үшін бойда жігерлі, жасқанбайтын, батыл қасиет болуы шарт. Заман ағымына сәйкес кез келген жағдайға бейімделе алмайтын адам бұл салада бой көрсете алмайды. Байқасаңыз әр саланын нақты анықтамасын әркім өзінше беруге тырысады. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады деп ойлаймын. Әрбір мамандық жауапкершілікті қажет етеді. Міне, мен осындай шоқтығы биік мамандықтың хас шебері атанғым келеді. Әрине ол үшін ерең еңбек пен қажырлы, тайсалмайтын өжеттілік қажет. Осы қасиеттерді бойымызға жинай алсақ, мақсат қоя білсек, бұған да жетеміз. Осы орайда Абай атамыздың:«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген керемет сөзі есіме түсіп отыр. Болашақты бағдарлап, мақсат қоя біліп, керемет маман иесі атануға, өмірден өз орнымызды табуға ұмтылайық!

 

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін