COVID-19
Қытай коронавирустың пайда болуын зерттеуге келген адамдарды елге кіргізбеді
Әлемдік пандемияның қалай пайда болғанын анықтау және зерттеу үшін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус Қытайға біршама ұйым өкілін жібереді. Алайда Қытай билігі оларды елге кіргізбепті. Гебрейесус оған қатты наразы екенін мәлімдеді. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Euronews телеарнасының сюжетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, бірнеше елдегі мамандар пандемияның себебін анықтауға дайын, алайда Бейжің әлі де оған мүмкіндік бермей отыр.
"Бұл жаңалықты естіп, қатты көңілім қалды. Топтағы екі сарапшы бұл туралы жолда келе жатқан кезде білген. Ал қалғаны соңғы сәтте бұл жаңалықты естіп, бара алмай қалған. Мен Қытайдың жоғары ресми өкілдерімен сөйлестім, бұл миссия - ДДҰ және халықаралық команда үшін бірінші орындағы мәселе. Маған Қытай ішкі процедураларды жеделдетіп жатқаны айтылды", - дейді ұйым басшысы.
Бұған дейін ДДҰ баспасөз қызметі халықаралық сарапшылар тобы қаңтарда Қытайға жаңа коронавирустың шығу себебін анықтайтынын хабарлаған. Сарапшылар тобында Жапония, Катар, АҚШ, Германия, Вьетнам, Аустралия, Нидерланд, Ұлыбритания, Дания және Ресей мамандары бар.